"Денесін түгел көрпемен жапқан". Жедел жәрдем дәрігері сотта Нүкенованың өліміне қатысты куәлік берді
Жедел жәрдем оқиға орнына 8 минутта келіп жетіп, реанимация жасап бастаған.BAU мейрамханасына шақырылған бригадамен жеткен жедел жәрдем дәрігері Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты куәлік берді.
"Сағат 19.55-те шұғыл шақыру келіп түсті. Біз 10 минутта жетуге тиіс едік, 8 минутта сағат 20.03-те жеттік. Шақыруға пациентің ес-түссіз, тыныс алмай жатуы себеп болды. Жанымда көлік жүргізушісі мен көмекші болды. Мейрамханаға үшеуміз бірге кірдік. Реанимация бригадасы болғандықтан толық құрал-жабдықпен кіреміз. Сыртта бізді жас жігіт күтіп алып, екінші қабатқа апарды. Бұл айыпталушы Байжанов еді. Ештеңе деп сөйлеспедік. VIP-залға көтерілдік. Кірсек, диванда үстіне көрпе жамылған киімсіз әйел жатыр", – деп айтты Нұрлан Мұхамбердинов.
Жедел жәрдем қызметкерлері Нүкенованың денесін еденге жатқызып, реанимацияны бастаған. Дәрігердің айтуынша, сол кезде жанында тұрған Бишімбаев пен Байжанов бірнәрсе туралы сөйлескен. Дәрігер жұмысына кедергі келтірмес үшін олардан шығуын сұраған.
Оқи отырыңыз: "Бір құлағаннан мұнша жарақат алуы мүмкін емес". Нүкенованың өліміне қатысты сараптама қорытындысы жарияланды
Реанимация кезінде пациент ес-түссіз жатқан және тамыр соғысы, демі және жүрек қағысы болмаған.
"Олардан мұның себебін сұрағанымда үндемеді", – деді дәрігер.
Ол Нүкенованың беті мен мұрнынан қанды ісікті, иегінен тырналған жараны, жамбасы мен сирағынан, білегінен қанды ісікті, көзінің айналасы қызарып, қара көгергенін байқаған. Денесіндегі соққы іздерін көрген соң дәрігерлер полицияға хабар берген, себебі мұны қылмыстық оқиға деп шешкен.
Заңгер-консультант Алия Омара дәрігерден жедел жәрдем келгенде Салтанат Нүкенованың денесі көрпемен қалай жабылғанын сұрады.
"Беті толық жабылған. Көзі ашық, ауыз қуысы жабық болды, ал иегі тіресіп қалған еді", – деді Мұхамбердинов.
Дәрігердің сөзінше, бөлме ыбырсып жатқан, орындықтарды қозғалтқан. Алайда дәрігер қараңғы болған соң әрі жұмысымен айналысып жатқан соң басқа ештеңені байқамағанын айтып отыр.