Төртінші лекте республика бойынша 5 214 өтінім қабылдау жоспарланған. Қазақстандықтар оқуға онлайн өтінім жібере алады. Ең көп өтінішті Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстары қабылдайды.

"Атамекен" ҰКП өтінімді тек Жұмыспен қамту орталығы берген жолдама мен жеке куәлік негізінде қабылдайды. Ал жолдаманы беру тәртібін азаматтар өз өңіріндегі Жұмыспен қамту орталығынан біле алады.

Жоба аясында биыл 30 мың адамға кәсіпкерлік негіздері туралы білім беру жоспарланған. Оқу кестесі өңірлік палаталардың барлық сайтында және Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында жарияланған. Сондай-ақ, тыңдаушылар үшін Ұлттық палатаның 1432 колл-орталығы жұмыс істейді.


Оқи отырыңыз: "Күйеуіме қарап отырмай жеке кәсібімді ашқым келді". Жер өңдеп, жеміс кептірген әйелдер қалай табыс тауып отыр?


"Бастау бизнес" жобасына өтінімді қалай жіберуге болады?

  1. Оқуға өтініштерді Atameken Academy платформасындағы atameken.co сайтында бересіз;
  2. Сайтқа тіркелген соң, курстар бөліміне өтіп, Bastau business ашасыз;
  3. Өтініш беру үшін ЭЦҚ кілті арқылы кіріп, оқу шарттарымен танысу қажет;
  4. Қол қойылғаннан кейін оқыту кілтін таңдайсыз;
  5. Содан кейін ақпаратты толықтырасыз;
  6. Сұралған ақпаратты толықтырғаннан кейін өзіңіздің жеке куәлігіңізді jpg немесе pdf форматында жүктейсіз;
  7. Кейін өтінімді толтырған соң мәртебеңіз сайтта көрсетіледі.

Еске салайық, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылдан бастап халықты кәсіпкерлік дағдыларға оқытуға, сондай-ақ, олардың бизнес-жобаларын сүйемелдеуге бағытталған "Бастау бизнес" жобасын іске асырып келе жатыр.

2017-2020 жылдар аралығында "Бастау бизнес" жобасы бойынша 151 мың тыңдаушы кәсіпкерлік негіздерін оқыды, оның ішінде 4 жылда 44 мың жоба (29%) іске қосылды. Оның 60%-ы ауыл шаруашылығы саласында. Қалған бөлігі – сервис, сауда және тағы басқа. Ауылда ашылған жобалардың көбі (шамамен 80%) АӨК саласында – мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығында іске асырылады.