"Біз реттемейміз". Бағдат Мусин мобильді тарифтердің құнына қатысты пікір білдірді
Министрдің айтуынша, бағаға Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сараптама жасап жатыр.Биыл мобильді тарифтердің бағасы өсуі мүмкін бе? Бұл сұраққа үкімет кулуарында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жауап берді. Ол өзі басқаратын министрлік бұл мәселені реттемейтінін айтты.
"Біз цифрлық даму министрлігі ретінде байланыс нарығын бақыламаймыз және реттемейміз. Байланыс нарығы, қателеспесем, 2015 жылдары мемлекеттік бақылаудан шығарылды, сәйкесінше тариф мәселелерін мемлекет реттемейді. Бірақ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазір сараптама жасап жатыр. Соған сәйкес біз заңдық негізде қажетті шешім шығарамыз. Баға көтерілсе де, біз азаматтардың шағымына сүйеніп, баға келісімін жүзеге асыру үшін бәсекелестікті қорғау агенттігіне жүгінеміз", – деді Бағдат Мусин.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 3,7 млн смартфонның Imei коды қайталанады. Олар елге заңсыз жолмен әкелінген
Сонымен қатар, министр бағаның өзгеруі бәсеке ортасына байланысты екенін ескертті.
"Баға мен сапа – бәсеке ортасының мәселесі. Біздің міндетіміз – сол бәсеке ортасын қамтамасыз ету", – деді министр.