Тікелей эфир

Қазақстанда 3,7 млн смартфонның Imei коды қайталанады. Олар елге заңсыз жолмен әкелінген

Соның кесірінен мемлекетке шамамен 100 млрд теңге салық төленбеген.

Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елге ұялы телефондарды, соның ішінде қайталанатын IMEI коды бар құрылғыларды әкелудің заңсыз жолы туралы баяндады.

"Сәйкестендіру кодтарының дерекқоры" мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта еліміздің ұялы компанияларының желілерінде қайталанатын IMEI коды бар 3,7 миллион абоненттік құрылғы жұмыс істейді. Бұл ретте салықтар мен алымдар түріндегі мемлекеттің бюджетіне түспей қалған сома шамамен 100 млрд теңгені құрайды", – деді министр.

Бағдат Мусиннің айтуынша, бұл құқық қорғау органдарының ұрланған ұялы телефондарды іздеу және оларды бұғаттау бойынша жұмыстарына да кері әсерін тигізіп отыр. 


Оқи отырыңыз: Телефон алаяқтары көбейді. Оларды қалай анықтауға болады?


Министр мәселені шешу үшін абоненттерді тіркеу кезінде биометриялық ерекшеліктерді қолдануды ұсынды.

"Осы мәселелерді қолға алу үшін министрлік "IMEI кодтарының дерекқорын" кеден қызметтерінің жүйелерімен біріктіруді және абоненттерді тіркеу кезінде биометрияны қолдануды жоспарлап отыр", – деді ол.

Бағдат Мусиннің айтуынша, қазірдің өзінде Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ұрланған телефондардың IMEI кодтарын тексеруге болады.  

Серіктестер жаңалықтары