"Бір тамшы жаңбыр жаумаған". Ертіс өңірінде егін күйіп барады
Биыл Павлодар облысының 980 мың гектарына дән себілген. Соның 13 пайызы ғана жақсы өнім бермек.Ертіс өңірінің диқандары тағы да дабыл қағып отыр. Олардың айтуынша, егін күйіп барады. Әсіресе, Ертіс, Успен, Павлодар және Тереңкөл аудандарында жағдай ушығып тұр. Кейінгі үш айда алқаптарға бір тамшы жаңбыр тамбаған, деп хабарлайды "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі.
Сейтенәлі Абзалов сегіз мың гектар жерге егін салған. Ол үш ай бойы жаңбыр көрмеген алқаптардан астық алу енді мүмкін емес екенін, егіннің алты мың гектары тіпті оруға келмейтінін айтады.
"400 гектар жерге қарақұмық салғанмын, ол кеуіп қалғаннан кейін жыртып тастауға тура келді. Әкімшілік біледі бұны. Міне көріп отырсыздар. Арам шөп шығып қалды. Енді біз үкіметтен сондай көмек сұрап отырмыз", – дейді Сейтенәлі Абазлов.
Ал Успен ауданының диқандары көктемгі егіске алған несиені жабу мерзімін ұзартуды сұрайды. Себебі күзде комбайндарға жұмыс жоқ.
Зейнолла Сәлменбаев биыл 30 мың гектарға дәнді-дақыл еккен. Топырағы құнарлы деген алқаптың өзінен өнім жоқ дейді.
"Сол 30 мыңның 80 пайызы жанып кетті. Тоғайдан шабындық ала алмаймыз. Малдың азығы. Енді оның үстіне қырда жаңбыр болмағандықтан, көп жылдық шөпті шаба алмаймыз. Оның үстіне бидайдың пішені болмайды. Фураж да болмайды. Сонда бұл не болады?" – дейді Зейнолла Сәлменбаев.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 980 мың гектарға дән себілген. Соның 13 пайызы ғана жақсы өнім бермек.
26,6 мың гектар алқапта астық мүлдем өспей қалды. Аудандардың бізге берген есебі – осы. 88 мың гектар алқап өте нашар. Ол жерлерге де орақ түсуі екіталай. Биылғы егіннің нашар екені рас, – деді Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімов.
Диқандардың айтуынша, аудандағылар жалған ақпарат беріп отыр. Сондықтан облыс тарапынан комиссия құрылуын талап етеді. Шығынға батқан шаруалар тығырықтан шығу үшін өңірде төтенше жағдай жариялаудан басқа амал жоқ екенін айтады.