Білім министрі: "Аналар үйінің" арқасында 11 жыл ішінде 121 жетімдер үйі жабылды
Асхат Аймағамбетов жетім балалар санының 10 мыңға қысқарғанын айтты.Осыдан 10 жыл бұрын жетімдер үйіндегі тәрбиеленушілер саны он төрт мыңдай болса, қазір олардың саны 4 мыңға дейін қысқарды. Бұған "Аналар үйінің ашылуы септігін тигізді, деп мәлімдеді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
"Аналар үйі" жобасы жетімдер үйінің азаюына көп көмектесті. Отбасы құрылымының бала асырап алу, қамқоршы, патронат болу, жетім баланы отбасына қабылдау сынды алмастырушы формасын енгізуге мүмкіндік берді. Әртүрлі қоғамдық ұйымның қатысуымен бізде ауыз толтырып айтарлық өзгерістер бар. 11 жыл ішінде 121 жетімдер үйі жабылды. Соңғы үш жылда 30 балалар үйі жабылып, ондағы балалар саны да азайды. 11 жыл ішінде шамамен жетімдер үйіндегі балалар саны – 10 мыңға, 3 жылда 362 балаға дейін қысқарды. Егер 2010 жылы жетімдер үйінде 14 мың бала тәрбиеленсе, қазір олардың саны 4 мыңнан сәл асады. Бұл азаматтық қоғаммен бірігіп жасалған үлкен ортақ жұмыс. Сол себепті бұл жұмысты әрі қарай да жалғастыратын боламыз", – деді Асхат Аймағамбетов.
Мұнымен қатар, министр инклюзивті білім беру орталықтарында педагогтердің көмекшілерінің болуы оң нәтиже беріп отырғанын бөлісті.
"Дара", "Болашақ" секілді түрлі қордың белсенділігінің арқасында бірнеше жүздеген ресурстық кабинет пен ерекше қажеттілігі бар балаларға инклюзивті білім беру орталықтарын аштық. Бұл да өте маңызды бағыт. "Педагог ассистенттер" сағатын енгіздік. Балалардың оқу процесіне бейімделуі үшін арнайы көмекші педагогтердің болуы керектігін 10 жылға жуық уақыт талқылап келдік. Өткен жылы типтік штаттарға өзгеріс енгіздік. Бүгінгі таңда осындай 700-ден астам маман бар", – деп қосты Асхат Аймағамбетов.
Еске салсақ, министр Асхат Аймағамбетов мектепте құжатбастылық тыйылмаса, білім басқармасы басшыларының жазаланатынын мәлімдеген еді. Айтуынша, бір мектепте сынып жетекшісінің 19 түрлі құжат толтырып отырғаны анықталған.