Келесі жолы директорларды емес, білім бөлімдері мен білім басқармаларының басшылары жазаланады, деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
"Білім беру ұйымдарындағы педагогтердің лауазымдық міндеттері мен педагогтер жүргізетін құжаттар тізбесі ҚР білім және ғылым министрлігі бекіткен нормативтік құжаттармен реттеледі. Ол педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың үлгі біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы № 338 бұйрық және орта техникалық пен кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтарын жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесі және олардың нысандарын бекіту туралы № 130 бұйрық негізінде реттеледі", – деді Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова.
Сондай-ақ, ол ұстаздардың № 130 бұйрыққа сәйкес 5 құжатты ғана жүргізуі тиіс екенін айтты. Оқу жылының басталуына дейін, біріншіден, пән бойынша қағаз немесе электрондық форматта орта мерзімді жоспар немесе күнтізбелік тақырыптық жоспарды жасайды. Екіншіден, күн сайынғы сынып, факультатив, үйде оқыту, мектеп алды журналдарын жүргізеді. Үшіншіден, қысқа мерзімді жоспар және де тоқсан қорытындысы бойынша жиынтық бағалау жүргізу қорытындылары бойынша талдау жасайды және директорлардың орынбасарларына мәлімет тапсырады. Бұл да қағаз немесе электрондық форматта. Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-11-сынып білім алушыларының қорытынды аттестаттау хаттамаларын тапсырады.
"Жас маманға тәлімгер болған жағдайда жас маманмен бірге жұмыс жоспарын жасайды. Сынып жетекшісінің қызметін атқарған жағдайда қосымша үш нысан толтырылады: сынып жетекшісінің сыныппен жүргізетін жұмыс жоспары, білім алушылардың үлгерімі туралы табель (электронды жүйеде, оқу жылының соңында ғана қағаз нұсқасы директордың қолы қойылып, білім беру ұйымының мөрі басылып, білім алушының жеке іс қағазына тіркеледі), білім алушының жеке іс қағазы", – деп қосты Гүлмира Кәрімова.
Осы орайда, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлі күнге дейін мектептерде қағазбастылықтың тыйылмай тұрғанына тоқталды.
"Сынып жетекшілеріне әртүрлі ойға қонымсыз құжатты толтырғызып қояды. Бір мектепте тек сынып жетекшісі 19 түрлі құжат толтырып отырған. Осы фактімен айналысып, тиісті адамдарды жауапкершілікке тартуды тапсырамын. Керек емес, мұны кім оқиды? Көбісі электронды нұсқада бар. Оның барлығын басып, жинап қойғаннан не пайда? Кішкене соны ойлану керек қой?! Қажет емес, түсініксіз ақпаратты сұрайсыздар. Білім басқармаларының өз өңіріндегі жағдайды неге бақылауға ала алмай отырғанын білмеймін. Реттей алмасаңыздар, келесі жолы директорларды жауапкершілікке тартпаймыз. Олардың орнына білім бөлімдерінің басшысын, одан кейін білім басқармаларының басшысын жауапқа тартамыз. Бұл жарамайды! Екі жүзден астам адам жазаланды. Ешуақытта мұндай болған емес. Бұған дейін қатаң регламент қоймағанымыз түсінікті. Әр факті бойынша шара қабылдап отырмыз", – деді Асхат Аймағамбетов.
Еске салсақ, министр Асхат Аймағамбетов Қазақстанда аутизммен ауыратын балалар саны өсіп келе жатқанын айтқан еді. Осы орайда, ол арнайы орталықтар ашу қажеттігін айтты.