Білім гранттарының 5 пайызын көпбалалы отбасылардан шыққан балалар иеленеді
Биыл 75 мың талапкер білім грантын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш бердіҮміткерлер арасында 7 054 "Алтын белгі" иегері, 576 халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары, сондай-ақ патриоттық сезімі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін үздік белгісімен марапатталған 705 бала бар. Балл тең болған жағдайда олар басым құқыққа ие болады. Байқау нәтижелері 15 тамызға дейін жарияланады.
БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, биыл министрлік алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға квота бөлді.
- Жетім балалар;
- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар;
- толық емес отбасылардан шыққан балалар;
- ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар;
- жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі артты. Оларға арнайы гранттар бөлінген.
Оқи отырыңыз: Әлеуметтік осал топтағы азаматтар білім грантын квотамен иелене алады. ҰБТ нәтижесі шекті балға сәйкес келуі тиіс
"Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-ы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1%-ы көзделген", – деді ол.
Сондай-ақ, ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға және Қазақстан азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға квота қарастырылған.
Гранттар тағайындау жөніндегі шешімді республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Конкурстық комиссияның отырысы 10 тамызға дейін өтеді. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, журналистер, "Қазақстан студенттері альянсының" және "Отандастар" қорының өкілдері кірді.