Білім және ғылым министрлігі 2021-2022 оқу жылына білім беру гранттарын үлестіру кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына квоталар бөлді. Бұл шара алғаш рет жүзеге асырылып отыр.
Енді төмендегі үш санатқа жататын отбасылардан шыққан балалардың грант алу мүмкіндіктері жоғарылайды:
- көпбалалы отбасылардан шыққан;
- толық емес отбасында тәрбиеленген;
- ерекше қажеттіліктері бар балалар.
"Білім және ғылым министрлігі президенттің тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалардың мемлекет есебінен білім алуына мүмкіндіктің көбірек болуы үшін жұмыс жүргізді. Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-ы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1%-ын беру көзделген. Бұл ретте олардың ҰБТ нәтижелері шекті балға сәйкес келуі тиіс", – деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Сонымен қатар, квота шеңберіндегі гранттар жетім балалар мен этникалық диаспора өкілдері үшін де бөлінген. Осылайша, азаматтардың әлеуметтік осал санаттарындағы талапкерлер білім беру гранттарын беру кезінде басымдыққа ие болады. Мысалы, педагогикалық мамандықтарға 8 мыңға жуық білім гранты бөлінсе, оның ішінде 1063 грант халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға берілмек.