"Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" бойынша салынуы керек 655 нысанның тек 85-і ашылған
Президент медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет екенін айтты.Әлеуметтік жағынан осал топтағы кейбір азаматтар үшін медициналық сақтандыру жүйесіне аударылатын төлемдер жергілікті бюджеттен бөлінуге тиіс. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.
"Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек. Жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырған жөн", – деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, әлеуметтік жағынан осал топтағы кейбір азаматтар үшін медициналық сақтандыру жүйесіне аударылатын төлемдер жергілікті бюджеттен бөлінуге тиіс.
Оқи отырыңыз: "Біз суды тым орынсыз жұмсаймыз". Президент су үнемдейтін технология енгізуді тапсырды
"Сонымен қатар, медицина инфрақұрылымын дамыту – өте маңызды міндет. "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы бойынша 655 нысан салу жоспарланған еді. Іс жүзінде оның тек 85-і ашылған. Мұның бәрі жұмыстың тиімсіз жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Жобалық-сметалық құжаттар тым баяу әзірленді, құрылыс ұзаққа созылды немесе нысандардың құны қымбаттап кетті деген себептер айтылып жүр. Мұның қай-қайсысы да – құр сылтау. Басқа себебі жоқ деп ойлаймын. Қажет болса, министр де, әкім де кез келген мәселені шұғыл шеше алады. Демек, сондай ниет болмай тұр деген сөз", – деді президент.