Ауыл шаруашылығы техникасын алуға "Жасыл Даму" АҚ қаражатынан 20 млрд теңге бөлінеді
Фермерлер лизингке шамамен 80 комбайн және 450 трактор сатып ала алады.Қазақстанда отандық ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне "Жасыл Даму" АҚ қаражатынан 20 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі. Бұл қаражат лизингке 500-ден астам техника: шамамен 80 комбайн және 450 трактор сатып алуға жеткілікті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылғы тамызда еліміздің машина-трактор паркін жаңарту мақсатында ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингінің жаңа бағдарламасы іске қосылған болатын. 2022 жылы 900-ге жуық аграрий қысқа мерзімде бастапқы жарнасыз жылдық 6% мөлшерлемемен лизингке 1 053 техника сатып алды:
- 176 комбайн;
- 877 трактор.
Бұл ретте жаңа техника 2022 жылғы егін жинау науқанына уақытылы қатысты.
Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 40 млрд теңге бөлінеді
Лизингке техникалық регламенттерде белгіленген экологиялық талаптарға сай келетін және барлық қажетті сәйкестік сертификаты бар техника беріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша жалпы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингінің жыл сайынғы көлемі 170 млрд теңгеден асады.
Еске салайық, жаңа бағдарлама аясында техника лизингке 6% мөлшерлемемен және 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бір лизинг алушыны қаржыландыру сомасы 205 млн теңгеден аспайды. Бір фермер жеңілдікпен өздігінен жүретін 3 ауыл шаруашылығы техникасын сатып ала алады. Қаржыландыруды 2 жыл ішінде бір рет қана алуға болады.