Әуезов атындағы ОҚУ зерттеу университеті мәртебесін алады
ЖОО QS WUR халықаралық рейтингінде үздік 300 университет қатарына енуді жоспарлап отыр.Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне зерттеу университеті мәртебесін беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ашқы НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында жазылған.
Сондай-ақ, университеттің 2023-2027 жылдарға арналған даму бағдарламасы әзірленген. Оған сәйкес, университет QS WUR халықаралық рейтингінде ТОП-300-ге кіруді, халықаралық аккредиттеуден өткен білім бағдарламаларының үлесін арттыруды, сондай-ақ жұмыс берушілердің кадрларды даярлау сапасына қанағаттану дәрежесін арттыруды жоспарлап отыр.
Оқу орны шетелдік оқытушылар мен шетелдік білім алушылардың үлесін арттыруды көздейді. Бұл негізінен шетелдік филиалдар ашу есебінен және бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар, даму бағдарламасында университет базасында "Жас кешу" аграрлық ғылыми-технологиялық паркін құрылатыны да жазылған.
Бағдарлама толық және сәтті жүзеге асқан жағдайда университетте жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламалары бойынша білім алушылардың, яғни магистранттар мен докторанттардың үлесі 25 пайызға артуы тиіс.
Оқи отырыңыз:
- Аймағамбетов: ЖОО ғылыммен айналыспаса, ол – мектеп не колледж болғаны
- Саясат Нұрбек: ЖОО қанша студент қабылдаса, жатақханасында сонша орын болуы керек
Еске салайық, 2022 жылы бірқатар мәжіліс депутаты Бөкетов атындағы Қарағанды университетiне, Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне және Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне ұлттық университет мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Алайда, үкімет басшысы Әлихан Смайылов бұл университеттерге ұлттық университет мәртебесі берілмейтінін айтып жауап берді. Сондай-ақ, ол Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне зерттеу университеті мәртебесін беру мәселесі пысықталып жатқанын айтқан.
Қазақстанда жалпы саны 11 ұлттық университет бар.