ЖОО мен ғылыми зерттеу институттары бірінші кезекте бизнес өкілдерімен жұмыс жүргізуі керек. Осы бағыттағы тиісті жол картасын әзірлеуді тапсырамын, деп мәлімдеді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
"Ғылыми зерттеу институттары мен ЖОО ынтымақтастығы өте маңызды. Сіздер ("ректорлар" – ред. түсіндірмесі) Алматыда жиналып, тиісті келісімшартқа қол қойдыңыздар. Бұл науқан емес және жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз. Барлық ЖОО мен ғылыми зерттеу институттары бірлесіп жұмыс істеуі керек. Елдегі білім ордаларының тең жартысында ғылыми зерттеу жұмысы жоқ. Егер олар ғылыммен айналыспаса, жоғары оқу орны деп атауға да болмайды. Ғылыми жұмысы, ғалымдары болмаса, ол қандай жоғарғы оқу орны? Ол – колледж немесе мектеп", – деді Асхат Аймағамбетов.
Министр аталған жұмысты белсенді орындамай жатқан әріптестер туралы ақпарат беруді, бизнеспен ынтымақтастық жолдарын қарастырып, тиісті жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: ҰБТ нәтижелерін талдау қандай тақырыптарға күш салу керегін көрсетеді
Асхат Аймағамбетов нақты іспен айналысатын мамандардың тапшы екеніне де тоқталды.
"Әдемі, қызыл лента қиюды жақсы үйреніп алдық. Әртүрлі атақты адамдардың атына кабинет беріп, оған әдемі таблица ілу де белсенді жолға қойылды. Бұл мәселені ирониямен айтып отырмын. Осындай жұмыстардан гөрі университет алдында тұрған нақты да маңызды мәселелермен айналысқан дұрыс. Жаңалықтарды қарап отырамыз. Мереке, салтанатты рәсімдерді өткізу керек болса, онда алдыңғы қатарда жүреді. Ал нақты мазмұнмен айналысатындардың саны аз", – деді министр.