Әуе билеттері неге қымбат? Көлік министрі Марат Қарабаев жауап берді
Министрдің айтуынша, елішілік бағыттар бойынша баға 2021 жылғы қараша деңгейінде қалып отыр.Мәжіліс депутаттарының сауалына орай көлік министрі Марат Қарабаев түсініктеме берді. Оның айтуынша, халықаралық тәжірибеге сәйкес баға белгілеу заңмен реттелмейді. Оның орнына баға белгілеудің нарықтық тетігі (сұраныс, ұсыныс) қолданылады.
"Әуе компаниялары шығыстарының шамамен 80 пайызы (әуе кемесін сатып алу немесе лизинг, қосалқы бөлшектерді сатып алу және тағы басқа) шетел валютасында жүргізілетінін атап өту қажет. Бұл ретте, әуе компаниясы табысының 80 пайызға жуығы теңгемен алынады. Осыған байланысты, өз шығындарын жабу үшін олар валюта бағамының қысымына байланысты билеттердің құнын түзетуге мәжбүр. Соңғы 5 жылда валюта бағамы 327 теңге/АҚШ доллардан (2018 жыл) 478 теңге/АҚШ долларына дейін өзгерді (2024 жылғы тамыз)", – делінген министрдің жауабында.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанда арзан әуе билеттерін қалай сатып алуға болады?
- Әуе билетінің бағасы неге жиі құбылады? Ұшақ жолаушылары тағы нені білуі тиіс?
Марат Қарабаевтың айтуынша, қазақстандық компаниялардың әуе билеттерінің құны долларлық баламада өзгермеген, сондай-ақ ішкі маршруттар бойынша әуе билеттердің бағасы қазіргі уақытта 2021 жылғы қараша деңгейінде қалып отыр.
"Жалпы, әуе билеттерінің бағасы мемлекеттік реттеуге жатпайды. Ал егер әуе компаниясы бағаны негізсіз көтерсе, ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополияға қарсы ден қою шараларын қолданады", – деп жауап берді министр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бүгінде жолаушылар ағыны көрсеткішінің артуына байланысты әуе кемелерінің паркін кеңейту және тасымалдау сыйымдылығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың соңына қарай әуе кемелерінің паркі 19 жаңа бірлікке ұлғайып, 120 бортты құрайды. Бұл тасымалдау сыйымдылығын 20 пайызға арттырады.