Тікелей эфир

Әуе билетінің бағасы неге жиі құбылады? Ұшақ жолаушылары тағы нені білуі тиіс?

сурет shutterstock.com сайтынан алынды
сурет shutterstock.com сайтынан алынды
2012-2018 жыл аралығында еліміздегі әуе билетінің бағасы тұрақты түрде өсіп отырған.

Әуе сапары мен туризмге арналған The Blue Swan Daily порталының дерегінше, Қазақстанда жыл сайын үш мыңдай әуе рейсі жасалады. Оның екі мыңға жуығы – ішкі рейстер болса, қалған бөлігі сыртқы рейстерге тиесілі. 2019 жылы жолаушылар ағыны әлдеқайда артты. Бұған FlyArystan лоукостерінің жұмыс істей бастауы бірден-бір себеп. Жаңа әуе компаниясы билет нарығында төңкеріс жасағанымен, билет бағасының қалай қалыптасатыны көпшілік үшін әлі түсініксіз. Осының әсерінен жолаушылар тарапынан әуе компанияларына деген негативті көзқарас күшейіп тұр. Informburo.kz тілшісі әуе билеттері бағасының қалыптасу механизмін зерттеп, ұшақ жолаушылары білуі тиіс ақпаратты жинақтады.

Бағаның қалыптасу механизмі қандай?

Бүгінде әуе билетін онлайн рәсімдейтін жолаушылардың үлесі тым жоғары. Әуе компаниясының кассаларына арнайы барып билет алатындар саны мүлде аз болса, мұндай компаниялардың электронды ресурстары арқылы билет алатындар да көп емес. Көпшілік үшін Tickets.kz, Aviata.kz, Chocotravel.com сынды билет сату сервистері арқылы онлайн билет рәсімдеу әлдеқайда қолайлы. Бірақ минут сайын құбылатын әуе билеттерінің бағасы көп адамның көңілін түсіреді. Аз ғана уақыт ішінде аспандап кете беретін бағаны ауыздықтау қиын болып тұр.

"Біз адамдарға билет сатып алудың ыңғайлы жолдарын ұсынамыз. Ал сайттағы билет бағалары әуе компаниясының баға саясатына тікелей байланысты қалыптасады. Біз оған ықпал ете алмаймыз. Бағаны өсіретін де, төмендететін де – әуе компаниясы. Әрине, қандай да бір транзакциялық қызметтерге байланысты баға үстемелейтін кезіміз болады. Бірақ ол үстемеақы әуе компаниясы ұсынған бағаны қатты қымбаттатпайды" – деді бұл орайда халықаралық TTN холдингінің құрамына кіретін Tickets.kz компаниясы басшысының орынбасары Антон Кочергин.

Ендеше, әуе компаниялары бағаны неге құбылтады? Ол үшін әуе билетінің құны неден құралатынын білу қажет. Әуе билеті бағасының бір бөлігі – тариф болса, екінші бөлігін алымдар мен төлемдер құрайды. Тариф, әрине, әуе сапарының құны, оны әуе компаниясы өз саясатына сәйкес, маршруттың ұзақтығын, бронь класын, ұшу маусымын ескере отырып, белгілейді. Ал алымдар мен төлемдер – әуежайға төленетін қаражат пен отын, сақтандыру, сервис қызметтерінің ақылары болып табылады. Яғни, әуе билетінің екінші бөлігі әуе компаниясының серіктестері белгілейтін бағаға тәуелді болады. Әуе билеті бағасының өзгеруіне осы екі фактор тікелей ықпал етеді. Дегенмен, басым үлесін, әрине, тариф құрайды. Еске сала кетсек, қыркүйек айында Алматы халықаралық аэропортының Тарифтік саясат және қаржылық бақылау бөлімінің жетекшісі Арнат Ахметжанов Әуе компанияларының әуежай қызметі үшін шығыны билеттің өзіндік құнының 7 пайызынан аспайтынын мәлімдеген болатын.

FlyArystan компаниясының Сату және маркетинг бөлімінің директоры Жанар Жайлауованың айтуынша, бірнеше адамның бір уақытта онлайн билет рәсімдеуі де бағаның өзгеруіне әсер етеді.

"Мысалы, бір клиент біздің компанияның сайтына кіріп билет қарайды делік. Бес минуттан соң қайтадан кіріп, сол билетті алайын дегенше баға өзгеріп кетеді. Өйткені бұл уақытта оны басқа жолаушы алып қоюы мүмкін. Тиісінше, басқа билет бағасы қымбаттайды. Онлайн сатылым жүйесінде әр минут үлкен роль ойнайды. Сондықтан, жолаушылар билетті ертерек рәсімдегені абзал. Қазір әуе компаниялары көктем-жаз маусымына билеттер сатылымын бастады. Алдын ала демалысын жоспарлаған адамдар арзан билет ала алады. Ал күн жақындаған сайын арзан билет табу мүмкіндігі де азая береді", – деді Жанар Жайлауова.

Жолаушыларды тікелей рейстер мен әуе кемесін ауыстырып мінетін рейстер бағасындағы айырмашылық та алаңдатады. Көп адамда рейстің екінші түрі қолайсыздықтар тудыратындықтан, оның бағасы арзан болу керек деген түсінік қалыптасқан. Шындығында, бұл олай емес. Әрбір рейстің жалпы ұшу құны жоғарыда атап өткен тәсілмен құралатынын еске алсақ, орын ауыстыру рейстері тікелей рейстен арзан болуы мүмкін емес.


Рейс түрлері және билет бағалары

Рейс түрлері және билет бағалары / Tickets.kz сайтынан скрин


Дегенмен, сапарды алдын ала жоспарлау арқылы әуе компанияларының баға саясатын өзіңізге тиімді пайдалануыңызға болады. Бұл, әсіресе, шетелге сапарлау кезінде тиімді.

"Орын ауыстыру рейстерінің бәрін қымбат деуге келмейді. Мәселен, Алматыдан Мәскеуге SCAT-пен осындай рейс түрі арқылы ұшатын болсаңыз, ең төменгі бағаға билет таба аласыз", – дейді Антон Кочергин.

Жолаушы билет құнын қандай картамен төлесе де, еш айырмашылық жоқ. Картаның түрі мен қандай банк екендігі билеттің құнына еш әсер етпейді. Блогер Денис Кривошеевтің айтуынша, қазіргі билет сату жүйесі бір жылға ғана есептелген. Әуе компаниялары айналымға ақша табу үшін бәрін бүгін сатуға мүдделі. Сондықтан тура ұшар алдында ең жоғарғы тарифтер қойылған. Ал қалайда бүгін ұшатын адам қанша ақша болсын төлеуге дайын. Дегенмен билет бағасына әсер ететін бірқатар жағдайларды да ескеру керек екенін айтты.

"Әуе компаниялары барлық шығындарды есепке алады: елдің экономикалық жағдайы, салық, жанармай, тағы басқалар. Ұшақ жеке меншікте ме, лизингпен алынған ба әлде жалға алынған ба, бұл да маңызды. Компания бортты қаншалықты тиімді пайдаланып жүр. Ұшақ жыл бойы ұша бермейді ғой. Техникалық мәселелер бар, бұзылады дегендей. Егер ұшақ тұратын болса, онда тұрақ үшін тағы біраз ақша төлеу керек. Борт жартылай толған күйде ұшып жүрсе, тағы пайда әкеліп жарытпайды. Компания осының бәрін есепке ала отырып бағаны белгілейді", – деді іnformburo.kz тілшісінің сұрағына жауап берген блогер Денис Кривошеев.

Оның айтуынша, әуе компаниялары бәрібір жоғары деңгейде табыс табуды мақсат етеді.

"Ертерек қамдансаң, арзан билет табуға болады. Бірақ авиацияда да ақымақ адамдар отырған жоқ. Мереке күндері ешкім сізге арзан билет сатпайды. Керісінше, компаниялар үшін адамдардың билетті мейлінше кеш, ұшуға тақалған сәтте сатып алғаны тиімді. 8 наурыз күні ғана гүл сатып, мол табыс табатыны сияқты, компаниялар да мереке күндері ақша жасап қалуға тырысады. Егер компания осы ережеге қарсы жүретін болса, онда оларға сенуге болмайды: не олардың билет сату жүйесінде үлкен проблема бар, не ойыншылар арасында нарық үшін күрес жүріп жатыр деген сөз", – деді блогер.

Бәсеке болмаса, бәрі де бекер

Қазір Қазақстанда 59 әуе компаниясы жұмыс істейді. Тоғыз қазақстандық әуе компаниясының Еуроодақ елдеріне ұшуға рұқсаты бар. Ішкі нарықта 54 бағыт бойынша 8 отандық әуе компаниясы тұрақты ұшады. Мемлекеттік реестрде 898 ұшақ ресми түрде тіркелген. Мұндай деректі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таратты.

Оқи отырыңыз: Qazaq Air Қырғызстан, Ресей, Грузия бағытына ұшақ шығарды. Жаңалықтарға шолу

7 қазан күні Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2019 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 5,6 миллион жолаушы тасымалданғанын мәлімдеді. Соңғы 7 жылда транзитті жолаушылар ағыны 45 есе өскен. Осыны айта келе министр азаматтық авиациядағы ең проблемалы тақырып – әуе билеті бағасы екенін мойындады.

"Әуе билетінің қымбат болуы – жанармай бағасы мен жолаушылар ағынының деңгейіне байланысты. Қазір әуе билеттерінің бағасы негізінен нарықтық және динамикалық баға механизмі негізінде қалыптасады. Мемлекет әуе компаниялары үшін бәсекелестік жағдай жасап отыр. Тек бәсеке болған жерде ғана билет құны төмендейді", – деді Атамқұлов.

Ұшақ жолаушыларының құқықтары қандай?

Сапар кезінде болатын түрлі жағдайлардан сақтану үшін жолаушылар өз құқықтарын жақсы білгені дұрыс. Әдетте, бұл әуе кемесінің ұшу уақытының кешіктірілуімен байланысты болады. Айталық, әуе компаниясының кінәсінен рейс уақытынан кешіккен жағдайда компания өкілдері атқаруы тиіс шаралар кешені бар. Рейс екі сағаттан астам уақыт кешіктірілсе, жолаушыларға сусындар беріліп, алдағы 7 күнде тегін қайтадан орын брондау мүмкіндігі жасалады.

"Кешігу 4 сағаттан асқан кезде жолаушыларға ыстық тамақ беріліп, 7 күнге тегін брондау мүмкіндігімен қатар, жолаушылар билетті еш кедергісіз қайтара алады. Жолаушы егер билетті агенттіктен алған болса, сол агенттікке хабарласуы керек. Ондай жағдайда жолаушы билеттің қағаз нұсқасын шығарып, әуежайдағы анықтама бюросына барып, рейстің кешіккенін айғақтайтын штамп пен мөр бастыруы керек. Егер рейстің кешігуі күндізгі уақытта 8, түнгі уақытта 6 сағаттан асқан жағдайда жолаушылар қонақүйге орналастырылады", – деді FlyArystan компаниясының Сату және маркетинг бөлімінің директоры Жанар Жайлауова.

Мұндай кезде әуе компаниясы жолаушыларды транспортпен қамтамасыз етіп, орналастыру жағдайын өз мойнына алады. Тамақты алу үшін әуе компаниясының өкіліне, амбассадорға немесе супервайзерге бару керек. Бұл ретте әрбір компанияның антикризистік шаралары әртүрлі екенін есте ұстаған жөн.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда арзан әуе билеттерін қалай сатып алуға болады?

Әуе компаниясы қандай жағдайда жолаушыларға көмек көрсетпейді?

Кейде рейс әуе компаниясының қатысы жоқ түрлі себептермен де кешігеді. Ол себептер – ауа райы құбылыстары, түрлі әскери себептер. Мұндай кешігу жағдайында жолаушыларға ешқандай жеңілдік ұсынылмайды.

Денис Кривошеев мұндай жағдайда регламент бойынша шара қолданылатынын айтады.

"Халықаралық азаматтық авиация ұйымының жарғысында мұның бәрі нақты жазылған. Кейде жолаушылар рейс кешіккен кезде «тамақтандырмады, қонақүйге апармады» деп шағымданады. Ал шын мәнінде әуе компаниясының рейсті мүлде болдырмай қоюға да құқығы бар", – деді ол.

Билет таңдауда сауатты болу – сәтті сапардың кепілі

Жолаушылар көп жағдайда сайт арқылы билет алса, ұшу датасын, уақытын өзі таңдайды және өзі туралы мәліметтерді енгізеді. Егер қандай да бір қателік кетсе, онда әуе компаниясы ештеңені өзгерте алмайды. Мұндай жағдайда жолаушы тариф ережесі бойынша қайта бронь жасай алады. Кейде тариф ережесі бойынша жолаушы айыппұл төлеуге де мәжбүр болады.

"Үнемді тариф бойынша бізде айыппұл бағасы бір бағытқа – 10 мың теңге. Икемді тариф бойынша B/Y класта айыппұл 5 мың теңге деп қарастырылған. Кейде жолаушы фамилия жазатын жерге әкесінің атын енгізіп қояды. Ондай кезде сайт арқылы бізге жазып, барлық қажетті құжаттарды жіберу керек немесе байланыс орталығына хабарласу керек. Егер жолаушы әйел адам күйеуге шығып, тегін өзгерту керек болса, онда да керекті құжаттарды – ескі және жаңа куәлікгін, неке туралы куәлікті ұсынуы керек. Егер жолаушы ескі тегімен билет сатып алса, бірақ күйеуге шығып, фамилиясын өзгерткен болса да, қиындыққа ұшырайды", – дейді FlyArystan компаниясының клиенттермен жұмыс істеу бөлімінің супервайзері Әсел Берекболова.

Оқи отырыңыз: Әуе билеттерінің бағасы арзандай ма? Жаңалықтарға шолу

Маманның сөзінше, билет сатып алу кезінде кеткен әріптік қатенің кейбірі сапарға кедергі келтірмейді. Мәселен, «Евгений деген азаматтың есімінің соңғы жағына бір әріп қосылып кетсе, немесе түсіп қалған болса, онда өзгертуге болады. Ал егер «Евгенийді» басқаша «Нұраман» деген атқа ауыстыру керек болса, онда ол жүзеге аспайды» дейді маман.

Ұшақтағы сәби саны шектеулі болады

Әуе компаниялары балаларды үш топқа бөледі:

  • 0-2 жас;
  • 2-14 жас;
  • 14-16 жас.

Баланы туғанына 7 күн өткеннен кейін ғана ұшаққа алып мінуге рұқсат етіледі. Оларға әуе билеті рәсімделеді, бірақ ақы төленбейді.

Алайда борттағы сәбилер санына шектеу бар. Өйткені әрбір әуе кемесіндегі төтенше жағдайдағы құтқару құрылғыларының да саны шектеулі. Ұшақта 15 құтқару киімі мен арнайы белдік бар. Сондықтан бір рейстегі сәбилер саны 15-тен аспауы керек. Техника қауіпсіздігі ережесіне сай, сәбиі бар жолаушылар төтенше жағдайдағы орындарға отырғызылмайды.

"Республика аумағында балаларды тіркеуден өткізу үшін міндетті түрде туу туралы куәліктің түпнұсқасы керек. Аталған талап бірінші кезекте қауіпсіздік мақсатында керек. Өйткені, қызметкерлер баланың ата-анасымен бірге жүру керегін қатаң қадағалайды. Балаға билетті төлқұжат арқылы сатып алуға болады, бірақ баланы алып келген кезде туу туралы куәліктің болуы міндеттеледі", – дейді Әсел Берекболова.

6 жастан асқан бала жалғыз ұша алады

6 жастан асқан балалар ата-анасы немесе басқа да ересек адамның көмегінсіз ұша алады. Бұл қызмет түрі ақылы. Қызметті тұтыну үшін 72 сағаттан кеш емес уақытта рәсімдеу керек. Баланың ата-анасы байланыс орталығына хабарласып, аталған қызмет түріне қатысты әуе компаниясынан растау анықтамасын алуы тиіс.

Оқи отырыңыз: Fly Arystan 999 теңгеден 3 мың билетті сатылымға шығарды. Жаңалықтарға шолу

Ата-анасы немесе шығарып салушы басқа ересек адам мен әуе компаниясы арасындағы арнайы форма толтырылып, қол қойылған соң барып ұшуына рұқсат беріледі. Ондай форманы әуежайдағы компания өкілдерінен алуға болады. Informburo.kz тілшісінің сұрағына жауап берген Әсел Берекболова осындай маңызды ақпаратты айтты.

"Ал жеке куәлік алған 16 жастағы азамат өз бетінше әуе тасымалы қызметін тұтына алады. Алайда Қазақстанның бала құқығы туралы заңына сәйкес, әлі 18 жасқа толмағандар түнгі 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін әуе тасымалы қызметін пайдалана алмайды. Егер қасында ересек адам болса, онда ол қабылданады", – деді супервайзер.

Серіктестер жаңалықтары