Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарында педагог тапшылығы бар
Осы өңірлерде білім алушылардың білім сапасы елдегі орташа көрсеткіштерден артта қалған.Қазақстанның 4 өңірінде мұғалімдер тапшылығы байқалады. Сондай-ақ, математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі сынды пәндерден сабақ беретін ұстаздар аз, деп мәлімдеді БҒМ мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрайымы Гүлмира Кәрімова.
"Арнайы бағдарлама жобасын әзірлеу шеңберінде өңірлердегі педагогтердің тапшылығын анықтау бойынша талдау жүргізілді. Мәселен, педагогтердің тапшылығы Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарында сақталып отыр. Математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі пән мұғалімдеріне қажеттілік байқалады. Ұлттық статистика және халықаралық салыстырмалы зерттеулер деректері бірқатар жыл ішінде нысаналы өңірлердегі білім алушылардың білім сапасының елдегі орташа көрсеткіштерден артта қалғанын көрсетеді. Мұны PISA-2018 халықаралық зерттеуінің нәтижелері және ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері растайды", – деді Гүлмира Кәрімова.
Бағдарлама педагогтерге республикалық бюджеттің нысаналы трансферттері есебінен лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде ынталандырушы қосымша ақы беруді көздейді.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: ЖОО ғылыммен айналыспаса, ол – мектеп не колледж болғаны
Комитет төрайымының айтуынша, ЖОО педагогтері мен түлектерін бос лауазымдарға тарту үшін бағдарлама шеңберінде нысаналы өңірлердің облыстық білім басқармалары жанынан үйлестіру кеңестері, сондай-ақ, министрлік жанындағы конкурстық комиссия құрылады.
"Конкурс жылына екі рет өткізіледі және конкурстың келесі кезеңдері белгіленді: конкурс өткізу туралы хабарландыру, үміткерлердің құжаттарын қабылдау, компьютерлік тестілеу және эссе жазу, қашықтық форматта әңгімелесу. Оның барысында барлық үміткер тұрғылықты жеріне қарамастан тең құқылы, үміткерлер арасында адал бәсекелестік және өткізудің объективтілігі, ашықтығы, жариялылығы қамтамасыз етіледі", – деп түсіндірді Гүлмира Кәрімова.
Конкурсқа тиісті бейіндер бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсіптік білімі бар, оның ішінде тұрғылықты жеріне қарамастан жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектері, сондай-ақ, барлық қажетті құжатты көрсетілген мерзімде және толық көлемде ұсынған педагогтер қатыса алады.
Оқи отырыңыз: Студенттер арасында IT байқау өтеді. Бас жүлде – 1,5 млн теңге
Сондай-ақ, іріктелген педагогтер үшін 4 апталық біліктілікті арттыру курстары және онлайн-және офлайн форматтарда семинарлар, вебинарлар мен шеберлік сыныптары, 8 зияткерлік мектептің зертханалары базасында жаратылыстану пәндері мұғалімдерінің тағылымдамалары ұйымдастырылатын болады.