Жоғары білім беруде жаңа онлайн оқыту формасы енгізіледі. Осы орайда, ЖОО-лар онлайн форматта білім беретін жаңа мамандар даярлай алады, деп мәлімдеді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. 

Министр ҚР парламент мәжілісінің отырысында, екінші оқылымда маңызды нормаларды көздейтін заң жобасы қабылданғанын айтты. 

"Халықаралық пәндік олимпиадалардың, сондай-ақ, халықаралық орындаушылар конкурстары мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарында тегін білім алуға гранттар беру туралы заң жобасы мақұлданды. Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және олардың тәлімгерлері үшін біржолғы ақшалай төлемдер көзделеді", – деді Асхат Аймағамбетов. 

Мұнымен қатар, министр жоғары білім беруде жаңа онлайн оқыту формасы енгізілетінін мәлімдеді. 


Оқи отырыңыз: Халықаралық олимпиада жеңімпаздары байқаусыз ЖОО грантын иеленетін заң жобасы мақұлданды


"Енді ЖОО-лар оқытудың онлайн түрінде белгілі бір оқыту бағыттары бойынша кадрларды дайындай алады. Бұл – заман талабы. Бұл ретте біліктілік талаптарына сәйкес оқытудың белгілі бір бағыты бойынша (прокторинг, ақпараттық жүйе, цифрлық контент, кадрлар және т. б.) жеке лицензия алу міндетті болады", – деп қосты министр. 

Сондай-ақ, ол Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы оқулықтары енді елдің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық болатынын айтты. Яғни бір оқу бағдарламасы және бір негізгі оқулық. 2016 жылға дейін болғандай, басқа пәндер бойынша оқулықтардың балама нұсқалары болады.

Еске салсақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй есебіне қою мерзімін қысқартатын заң жобасының мақұлданғаны туралы хабарлаған едік.