Биыл мектептерде 3,6 миллионға жуық оқушы білім алып жатыр. Соның ішінде 1-сынып оқушыларының саны – 390 мың. Бала саны былтырмен салыстырғанда 15 мыңға артты, деп мәлімдеді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында.

"Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше, 1-сынып жинақтары өткен жылмен салыстрғанда 500-ге артты. Бұған үш ауысымдық мектептердің болуы және санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың күшейтілуі себеп болды. Алматы қаласында 28 сынып жинағы бар, бір сыныпта 27-42 оқушы отыр. Ақмола облысында  бірі сыныпта – 27-34 оқушы, Алматы облысында 27-34 бала отыр. Нұр-Сұлан, Шымкент қалаларында, астананың маңында орналасқан елді мекендерде оқушы саны көп", – деді Гүлмира Кәрімова.


Оқи отырыңыз: 


Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов республика бойынша оқушы саны 25-тен асатын 100 ғана сыныптың барына күмән келтіріп, қайта есептеуді тапсырды. Ол, сондай-ақ, бір сыныпта оқитын бала санын арттыру арқылы ақша үнемдеуге жол беруге болмайтынын айтты.

"Біздің талдауымызға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар оқу жылының басында сынып жинақтарын жасағанда 25 баладан асырып (бір сыныптағы оқушы санын – ред.), ақшаны үнемдеу мақсатында жұмыс жүргізіп жатқанына көзім жетіп отыр. Бұл дұрыс емес. Бұл мәселеге жол бермеуіміз қажет. Біз сапалы білім береміз десек, тиісті талаптарға сәйкес жұмыс жүргізілуі керек. Егер мектеп үш ауысымды болып, балалар сыймай жатса, түсінуге болады. Бірақ, мұны да тез арада шешу керек. Ал егер тиісті инфрақұрылым бойынша ешқандай проблема болмай, тек қана ақша үнемдеу мақсатымен сыныптарды 40-45 балаға дейін толтыратын болсаңыздар, бұған жол беруге болмайды. 45 бала бір сыныпта оқыса, ешқандай сапа болмайды. Ол мұғалімге де үлкен жүктеме", – деді Асхат Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрі 25-тен көп бала отырған сыныптардың есебін қайта жүргізіп, баяндауды тапсырды.