Тікелей эфир

Қазақстанның бірнеше өңірінде мектептер әлі күнге дейін көмір және дизельмен жылытылады

Қызылорда облысы Қазалы ауданында осындай қазандықтардың бірі жарылғаннан кейін ата-аналар қаупі күшейген.

Республиканың бірнеше облысында мыңдаған оқушы көмір және дизельмен жылытылатын мектепте білім алады. Мамандар мұндай қазандықтардың қаупі жоғары екенін айтып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Таяуда Қызылорда облысы Қазалы ауданы Тасарық ауылындағы мектептегі жылу қазандығында жарылыс болып, ол күл-талқаны шығып қирады. Қазандық мектептен бар болғаны 50 метр қашықтықта орналасқан. Соған орай, қазір жүзден аса оқушы қазір жылуы жоқ мектепте білім алуға мәжбүр.


Оқи отырыңыз: 


Мектеп басшылығының айтуынша, құзырлы мекемелер жылу қазандығын алдын ала тексеріп, от жағуға рұқсат берген.

"Алдағы уақытта модульді бу қазандықтары әкеліп қондырылады деп жоспарланып отыр. Қазір мектепте оқу жүріп жатыр. Абыржуға негіз жоқ", – дейді № 238 мектеп директорының міндетін атқарушы Әлия Кеулімжай.

Мамандар мұндай көмір мен дизель отынын жағатын қазандықтар аса қауіпті екенін айтады, деп хабарлады арна тілшісі. Мамандардың айтуынша автономды қазандықпен жылытылатын нысандардағы сақтық шараларын бір сәт назардан тыс қалдыруға болмайды.

"Қатты отын жағатын қазандықтар орналасқан жерде әсіресе ауа сорғылау жүйелеріне мұқият мән берілу керек. Қазандықтың өзінде де ақау жоқ екеніне көз жеткізу керек. Ал дизель отынын жағатын қазандықтарда құрылғылардың бітеліп қалмағанын қадағалаған абзал. Әйтпесе өрт немесе жарылыс болып қиындық туындау мүмкін", – дейді Петропавл қаласы ТЖД басқармасының бас маманы Әсет Шайкин.

Қазақстанның бірнеше өңірінде қауіпті қазандықтар мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Ал Тасарық ауылындағы жарылыстың нақты себебі әлі анықталмаған. Сондықтан ауылдағы ата-аналар айтпай келген апаттың тағы да қайталануынан қауіптеніп отыр.

Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз:

Серіктестер жаңалықтары