Астанада жеңілдік алу санатындағы азаматтар мен мектеп оқушылары 5 мамырдан бастап автобустарда тегін жүруге арналған талондарға  өтініш бере алады. Бұл туралы City Transportation Systems баспасөз қызметі хабарлады.

Елорда тұрғындары қоғамдық көлікте жол жүруге талон алудағы қиындықтарға шағымданды. 

"Бүкіл деректер базасы ертең, 5 мамырда жаңартылады, жеңілдігі бар азаматтар туралы ақпараттар дерекқорға енгізіледі. Ол үшін орталық кассаға қажет құжаттармен келу керек. Мекен-жайы мен байланысын көрсеткеннен соң, жолда жүру билеті беріледі", – делінген хабарламада.

Билет қоғамдық көлікте тегін жүруге арналған.

"Жол жүру талонын алу үшін жеке куәліктің түпнұсқасы, зейнетақы куәлігінің түпнұсқасы және сурет (3*4) керек. Құжаттарды Рақымжан Қошқарбаев даңғылы, 50/1 мекенжайына әкелу керек. Егер өтініш беруші картаны жоғалтып алса, яғни өз деректерін бұрын базаға енгізген болса, онда бұл құжаттар қажет емес" - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 27 сәуірден бастап Астанада жеңілдетілген санаттағы және оқушыларға арналған жолда жүру карталарын беру және қайта шығару уақытша тоқтатылды.