Алматыдағы Райымбек даңғылының Саин мен Яссауи көшелері аралығындағы бөлігімен жүргізушілер енді жұмыс күндері сағат 20:00-ден 06:30-ға дейін, ал демалыс және мереке күндері уақыт шектеуінсіз жол жүре алады. Бұл туралы Алматы қалалық мобильділік басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
"Көлік қозғалысына бұл жаңалықты енгізу арқылы демалыс күндері арнайы бөлінген автобус жолақтарын пайдалану мәселесі шешілмек. Тестілік режимде енгізіліп, 2023 жылдың соңына дейін жалғасады. Одан кейін салыстырмалы деректер негізінде көлік легін ұйымдастыру туралы шешім қабылданады", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұл шара пилоттық жобаның екінші кезеңі болып саналады. 2022 жылы наурызда қоғамдық көлікке бөлінген жолақтар бойынша жол қозғалысын ұйымдастырудың қолданыстағы сызбасына өзгеріс енгізілді.