Астанада 16 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы екпе алды
Вакцинаны тіркелген жері бойынша емханаларда тегін алуға болады.Астанада 6 қарашадан бастап қызылшаға қарсы жаппай иммундау жүргізілуде. 6 қараша күні 6 айдан бастап, 10 ай 29 күнге дейінгі сәбилерді жаппай қосымша вакцинациялау басталды. Оларға желтоқсан айынан бастап, 2-4 жас аралығындағы балалар қосылды. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлады.
Астананың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қаланың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вакцинация туралы айтты.
Елордада 6 желтоқсан күні барлығы 16 447 адам вакцинацияланды. Жаппай вакцинация қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
"Біздің бүгінгі басты міндетіміз – қызылшадан болатын өлім мен асқынулардың алдын алу. Вакцинация инфекция ошақтарында да жүргізіледі, онда 1733 байланысқан адам екпе алды, сондай-ақ қызылшаға қарсы екпе алмаған 18 жасқа дейінгі адамдар анықталды, бүгінгі күні жыл басынан бері 14 374 адам анықталды, оның ішінде 12 746 (88%) екпе алды", – деді Сархат Бейсенова.
Оқи отырыңыз: ДСМ: Қызылшаға шалдыққан балалардың 80 пайызы екпе алмаған
Санитарлық дәрігер аурудың алғашқы белгілері байқалған бойда дереу дәрігерлердің көмегіне жүгіну керектігін ескертеді.
Оларға мыналар жатады:
- температураның 38-40°C дейін көтерілуі;
- бас ауруы, әлсіздік; тәбеттің төмендеуі;
- конъюнктивит, ринит, жарыққа қарай алмау;
- құрғақ, ауыр жөтел; дауыстың қарлығуы;
- қызылша энантемасы – таңдайдағы жұмсақ және қатты үлкен қызыл дақтар,
- аурудың шамамен 3-4 күнінен кейін денеге түсетін бөртпе.