Астана мен Алматыда халықаралық француз орта мектебі ашылады
Сондай-ақ, қазақстандық мектептерде француз тілін оқытуға басымдық берілмек.Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасынан Қазақстанда екі халықаралық француз орта мектебін ашу жоспарланып отырғаны белгілі болды. Олардың бірі Астанада, екіншісі Алматы қаласында ашылады.
Бұл жоба Қазақстан мен Франция президенттерінің бірлескен өтініші негізінде жүзеге асырылады.
Екі ел үкіметтері арасындағы келісім жобасына сәйкес, Қазақстанда ашылатын француз мектептерінде қазақстандық және Қазақстанда тұратын шетелдік балалар да білім ала алады. Мектептегі білім беру Францияның мемлекеттік оқу орындарында қолданылатын бағдарламаларға негізделіп, оқыту көбіне француз тілінде жүргізіледі. Дегенмен, сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде де өтеді деп жоспарланған.
"Француз мектептері қазақстандық оқушыларға қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы және Қазақстан географиясы бойынша оқу бағдарламаларын ұсынады. Ал қазақстандық емес оқушыларға Қазақстанның тілдері мен мәдениетін үйренудің бастапқы курсын ұсынады", – делінген келісім жобасында.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда Француз даму агенттігінің тобы құрылады. Ол елімізге қаржылық және техникалық көмек көрсетеді
Мектепті бітірген оқушылар Францияның Ұлттық білім және жастар министрлігі берген орта білім туралы диплом алады. Ол еуропадағы жоғары оқу орындарына қол жеткізуге мүмкіндік береді және екінші жағынан жалпы орта білім туралы қазақстандық аттестатқа балама болып танылады.
Сондай-ақ, екі ел үкіметтері арасындағы келісімге сәйкес, қазақстандық орта мектептерде француз тілін оқытуға көңіл бөлінбек.