Тікелей эфир

Қазақстанда Француз даму агенттігінің тобы құрылады. Ол елімізге қаржылық және техникалық көмек көрсетеді

ФДА тобына франциялық PROPARCO және Expertise France компаниялары кіреді.

Қазақстан мен Франция үкіметтері елімізде Француз даму агенттігінің тобы құру туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл топ Қазақстанға қаржылық және техникалық көмек көрсетумен айналысады. Бұл туралы Ашық НҚА порталындағы келісім жобасынан белгілі болды. 

Француз даму агенттігі дамушы елдерге көмек берумен айналысады және қазірге дейін әлемнің 80-нен астам елінде жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, 60 жергілікті өкілдігі құрылған. 

Топтың негізгі қызметтеріне кедейлікпен күрес жүргізу, бұл мақсатта мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпорындарға грант, ұзақмерзімді несие, кепілдіктер берумен айналысады.

Қазақстанға берілетін қаржылық көмек энергетика, су энергетикасы, сумен қамту, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, ирригация салаларын қамтиды. 

Қазақстан мен Франция арасындағы келісім жобасына сәйкес, ФДА тобы Қазақстанда өз қызметін жүзеге асыру үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қоспағанда, жылжымалы және  жылжымайтын мүлікті сатып алып, оған иелік ете алады. Сондай-ақ, Қазақстан топ қызметін салықтық міндеттемелердің көптеген түрінен босатады. 


Оқи отырыңыз: Бауыржан Шөкенов: Франция қазақстандық киноның прокатына қаржылай қолдау көрсетеді


Еске салайық, Франция даму агенттігі мен Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі арасындағы әріптестік туралы меморандумға 2021 жылы мамырда қол қойылған болатын. 

Келісім жобасын жария талқылау мерзімі – 3 қарашаға дейін. 

Серіктестер жаңалықтары