Елорданың бес ауданында оқушыларға, ата-аналарға тегін психологиялық-консультациялық көмек көрсету кабинеттері құрылды. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлады.

2024 жылдың басынан бері онда 142 бала мен 156 ата-анаға (2023 жылы 264 бала мен 254 ата-ана) кеңес берілді.

Енді елордада қалалық психологиялық қолдау орталығын ашу жоспарлануда. Орталық базасында диагностикалық, түзету-дамыту, консультациялық, психопрофилактикалық қызметтер жүзеге асырылатын болады.

«Елорданың мектептері мен колледждерінде психологпен тікелей байланысуға және консультациялық көмек алуға мүмкіндік беретін QR-кодтары бар ақпараттық тақтайшалар орналастырылған. Балалар мен олардың ата-аналары сұрақтарға жауап ала алады, сонымен қатар оқушылар арасында туындаған мәселелер бойынша шаралар қолдана алады», – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, Биыл білім беру ұйымдарында буллингке қарсы бағдарламаны іске асыру жоспарлануда

Ол үшін пилоттық жобаға 5 мектеп (Алматы ауданының № 72 мектебі, Байқоңыр ауданының № 16 мектебі, Нұра ауданының № 79 мектебі, Есіл ауданының № 24 мектебі, Сарыарқа ауданының № 6 мектебі) енгізілді.


Оқи отырыңыз: Ақтөбеде спорт мектебінің оқушысы құлап, есінен танып, көз жұмды


Осы бағдарлама шеңберінде қорқытудың алдын алу және азайту (сабақтар, тақырыптық кезекшіліктер, бірлескен оқулар өткізу), буллингтің анықталған жағдайларын шешу бойынша іс-шаралар өткізілетін болады. Сондай-ақ мұғалімдерді оқушылардың мазасыздық дәрежесін анықтау дағдыларына оқыту жоспарлануда.