Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы бұрынғы "Жолшылар" саяжайы болған 230 түтіні бар аумақтың елдімекен ретіндегі статусы айқындалмаған, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

Тұрғындардың айтуынша, соның кесірінен инфрақұрылым да дұрыс дамымаған. 

"Жол өте нашар, трансформаторлар да өте ескі. Сәл жел тұрса, өшіп қалады. Бір аптаға дейін бұл аумақта жарық болмайды. Жарық болмағаннан кейін өмір де жоқ", – деді тұрғын Кеңесбек Бастықов.

Ауылда ауыз судың құбыры жоқ. Тұрғындар жер астынан піспе құдық арқылы тартып шығаратын суды тұндырып ішуге мәжбүр болып отыр. 

"Әкімнің балансына біз кірмей қалғанбыз. Сондықтан, бюджеттен жарық та, су да, газ да ештеңе қарастырылмайды. Бізді бөлектеп, не жол, не су, не жарық, не газ мәселесін шешпейді. Байланыс та жоқ", – деді тұрғын Маргарита Оңғарбаева.


Оқи отырыңыз: "Бес мың теңгеге көлік жалдап, қаладан аламыз". Ақмола облысындағы ауылдық округте дәріхана жоқ


Әкімнің айтуынша, инфрақұрылыман жұрдай болған бұрынғы саяжай 114–орам ретінде тіркелген. 

"Елдімекенге толық статусын беру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Енді мәслихатта қаралады. Мәслихат оң шешімін шығарып берсе, содан әрі қарай жаңағы жол салу, су тарту жұмыстары жүргізілетін болады", – деді Келтемашат ауылдық округінің әкімі Мұрат Бердәлиев.