Тікелей эфир

"Бес мың теңгеге көлік жалдап, қаладан аламыз". Ақмола облысындағы ауылдық округте дәріхана жоқ

Ауылдағы дәріхананы иесі үш жыл бұрын жауып тастаған.

Ақмола облысында екі мыңнан астам тұрғыны бар Кенесары ауылдық округінде дәріхана жоқ.  Ауыл облыс орталығынан 38, аудан орталығынан 35 шақырымда орналасқан, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

Тұрғындардың айтуынша, ауылдағы дәріхананы иесі үш жыл бұрын жауып тастаған. Содан бері қиналған халық амбулаторлық дәріхана ашып беруді сұрайды.

Кенесары ауылының тұрғыны Наталья Фокинаның немерелерім ауырып қалмаса екен деген жалғыз тілегі бар. Себебі қажет дәрі-дәрмекті әкелу үшін көлік іздеп, қалаға барады.

"Дәрісіз қиын, балалар ауырып қала береді. Оларды емдеу үшін бес мың теңгеге көлік жалдап 20 мың теңгеге дәрі аламыз. Қалаға барғанда қажетті препараттарды сатып алып қоямыз. Бірақ кей күндері аса қажет дәрілер табылмай қалады", – деді ауыл тұрғыны.


Оқи отырыңыз: Шымкентте қант диабетімен ауыратын науқастар тегін дәріні ала алмай жүр


Қазір ауылда "Авиценна-Бурабай" компаниясы жанында дәрігерлік амбулатория бар. Мұнда тек диспансерлік есепте тұрғандарға аудан орталығынан ай сайын тегін дәрі-дәрмек беріледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, басқа науқастарды қамту үшін жылжымалы дәріхана пункті ашылады.

"Жылжымалы дәріхананы үш ауданға 2023 жылдың төртінші тоқсанында жібереміз деген ойымыз бар. Өтініш бердік. Жылжымалы дәріхананың екі әйнегі болады. Бір әйнегі тегін дәрі, екінші әйнегі тек ақысына алатын дәрілерді таратады. Күн сайын кесте бойынша 3 ауданды аралап жүреді: Зеренді, Бурабай, Сандықтау ауданы. Соның ішінде Кенесары ауылына бұл авто күн сайын келіп тұрады", – деді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Тоқтар Қоңырбаев.

Ақмола облысында бүгінде 42 ауылда дәріхана жоқ. Денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, бұл мәселені шешу үшін жергілікті әкімдіктер жеке бизнес субъектілерін тарту керек.

Серіктестер жаңалықтары