Ақтөбе облысында полиция танысына заңсыз несие рәсімдеген күдіктіні ұстады
Ақтөбе облысында полиция алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Жәбірленуші полицияға өзіне заңсыз несие рәсімделгені туралы арызданды.
Тергеу іс-шаралары барысында күдікті әйел Қандыағаш қаласында танысының үйінде қонақта болып, "жұмыс істеймін" деген сылтаумен үй иесінің телефонын сұрап алғаны анықталды.
Телефонды алғаннан кейін әйел бірнеше минут ішінде екі банктен 1 миллион 350 мың теңгеге несие рәсімдеп, оларды өз анасының шотына аударған.
Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция департаменті мұндай заңсыз операцияларды болдырмау үшін мобильді құрылғыларды бейтаныс адамдарға сеніп беруге болмайтынын еске салады.