Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысына серіктес ретінде шетелдік банктің таңдалуы мүмкін екенін мәлімдеді.

"Барлығы нарықтағы бағамен байланысты. Әзірге қолымызда бар есепке сүйеніп отырмыз. Бізге бірінші кезекте серіктесті анықтап алу қажет. Банк консорциумымен келісімге қол қойып, оны жүзеге асыра бастағанда жобаның құны туралы нақты хабарлайтын боламыз. Халықаралық валюта тілінде сөйлесетіндіктен, айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды деп ойлаймын, барлығын уақыт көрсетеді", – деді Алтай Көлгінов.

Әрі қарай қала әкімі LRT жобасын қолға алуға 2019-2020 жылдары пандемияның айтарлықтай әсер еткеніне тоқталды. 2021 жылы бірнеше конкурс өткізіп, оған банк консорциумдары қатысқан.


Оқи отырыңыз: "LRT құрылысы жанданады. Газ тарту арзандайды. Қаланы су алмайды". Елорда әкімінің есебі


"Осы апта ішінде банк консорциум өкілдерімен кездестім. Олардың жұмысты жалғастыруға деген ниеті бар. Десе де арада дезинформация болмас үшін LRT құрылысының аяқталу мерзімін дәл қазір нақты атай алмаймын. Тек келісімге қол қойылғаннан кейін ғана нақты мерзімді атауға болады. Қазір ең бастысы – банкпен келісімге қол қою. (...). Бұған дейін 400 миллион доллардан астам қаржы жұмсалып үлгерді. Ертең оны жабуды да ойлау керек. Олар бойынша да міндеттемелер бары сөзсіз. Бұдан өзге құрылыс барысында қаланың қажеттіліктері ескерілді деп ойлаймын. Басталған жобаны жарты жолдан тастап кеткен дұрыс емес. Мұны мамандармен де, барлығымен де ақылдастық. Оның үстіне көп қаражат жұмсалып қойған. Оларды қалай жабамыз? Артқа жүретін жол жоқ. LRT құрылысын аяқтап, оны тұрғындарға қолдануға беруіміз керек", – деп қосты Алтай Көлгінов.

Әрі қарай қала әкімі LRT құрылысын аяқтау үшін отандық қана емес, шетелдік банктердің көмегіне де жүгінетінін мәлімдеді.

"Осы жолы бұрынғысынан да ұтымды шарттар ұсына алатын шетелдік банктерді тартуды ойлап отырмыз", – деді Алтай Көлгінов.

Еске салсақ, 2022 жылы Наурызбай ауданында қанша мектеп пен балабақша қолданысқа берілетінін мәлімдеген едік. Мұнымен қатар, аудан әкімі Ақжар шағын ауданында (320 орындық) және Қалқаман шағын ауданында (240 орындық) балабақшалар салу жоспарланып отырғанын айтты.