Қалқаман шағын ауданында 1 800 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жұмыстар ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталады. Мұнда 1 500 орындық мектеп салынуда, оны 2022 жылдың маусым айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Ақжар шағын ауданындағы № 186 мектептің жанындағы қосалқы нысанның құрылысы аяқталып келеді, деп сендірді Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай.
Әкім, сондай-ақ, Қарғалы шағын ауданында "Зерде" жеке мектебінің салынып жатқанын мәлімдеді. Аяқталу мерзімі – 2022 жылдың ІІ тоқсаны.
"№ 7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан басқа, Шұғыла шағын ауданындағы № 36 қалалық емханада модульдік КТ-орталығын орнату басталды. Ал 16 нысанда көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталды", – деді Санжар Тоғай.
Наурызбай ауданының әкімі мектептер мен балабақшалардың құрылысы бойынша жоспарланған жобалар туралы баяндады. Айтуынша, Шұғыла шағын ауданында екі мектеп салынады – Алма сити-5 ТК аумағында – 1 200 орындық, ал "Нұрлы дала" ТҮК аумағында – 1 500 орындық. Осы шағын ауданда 320 орынды балабақша құрылысы жоспарлануда.
Құрамыс шағын ауданындағы жер учаскесінде 1 200 орындық мектеп салу жоспарланған. Қазірдің өзінде ЖСҚ-ны әзірлеу басталды. Сол шағын ауданда 320 орынды балабақша бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде", – деді Санжар Тоғай.
Мұнымен қатар, аудан әкімі Ақжар шағын ауданында (320 орындық) және Қалқаман шағын ауданында (240 орындық) балабақшалар салу жоспарланып отырғанына тоқталды. Әкімдік сондай-ақ №15 санаторлық-мектеп интернатын қайта жаңарту және 300 орындық жатақхана салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, мектеп аумағында 120 орындық балабақша құрылысы қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың II тоқсанына жоспарланған.