Алматыдағы 150 жаңа "Сергек" камераcы әлі жүйеге қосылмаған
2023 жылдың бірінші тоқсанында Алматыда тағы 575 "Сергек" орнатылады.Алматыда жаңадан орнатылған 150 жаңа "Сергек" камерасы әлі жүйеге қосылмаған, деп хабарлады Kolesа.kz "Көркем телеком" компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Арман Әлмерековке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, 2023 жылдың бірінші тоқсанында Алматыда тағы 575 "Сергек" кешені қойылады. Олардың 493-ін – жол бойында, 82-сін қиылыстарда қою жоспарланған.
Қалада жалпы 766 "Сергек" кешені жұмыс істеп тұр. Олардың 383-і – жол бойында, тағы 383-і көше қиылыстарында орналасқан. Онда 5 мың камера бар. Кешендер 2022 жылы 1 миллионнан астам жол ережесін бұзу әрекетін тіркеген. Ол шамамен күніне 3 мың деректі құрайды. Былтыр көлік жүргізушілері жалпы сомасы 8,3 млрд теңге айыппұл төлеген.
Оқи отырыңыз: "Сергек" сергек: астаналықтарға 3 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды
Айта кетейік, былтырдан бері ел арасында Алматыдағы "сергектер" жол ережесін бұзғандарды тіркемейтіні туралы қауесет тараған. Оған "сергекке" жауапты "Көркем Телеком" компаниясы бағдарламаны жаңартуға ақша төлемегені үшін камералар істен шыққаны себеп болғаны айтылды. Бірақ, "Көркем телеком" Алматыдағы "сергектер" дұрыс жұмыс істеп тұрғанын айтады.
Арман Әлмерековтің айтуынша, кейде бірқатар камераны техникалық себеппен өшіруге тура келеді, бірақ мамандар ақауды дереу жөндеп, қайта іске қосады.
Маман бұл қауесеттің тарауына Алматы қаласында жаңадан қосылған 150 "сергектің" әлі жүйеге қосылмауымен байланыстырды. Ал қалған камералардың жұмысында ақау жоқ.