Алматыда жыл сайын 3 денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді
Президент қала басшылығына осындай тапсырма берді.Алматы жұртшылығымен кездесу барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала тұрғындарының үштен бірі ғана дене шынықтырумен айналысатынын айтты.
"Халықтың денсаулығын сақтау үшін аурудың алдын алу өте маңызды. Осы орайда, қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау қажет. Қазіргі таңда алматылықтардың үштен бірі ғана дене шынықтырумен айналысады. Жалпы, дамыған қалаларда саламатты өмір салтының инфрақұрылымы деген ұғым бар. Алматының барлық аудандарында осындай инфрақұрылым салынуы керек. Қазір қаладағы спорт нысандары негізінен орталықта орналасқан. Шеттегі аудандарда мүлдем жетіспейді. Сондықтан, әкімдікке жыл сайын кемінде 3 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын", – деді президент.
Оқи отырыңыз:
- Мемлекет басшысы: Алматы бетоннан салынған орманға айналмауға тиіс
- Тоқаев: Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді
Мемлекет басшысы, сондай-ақ қаладағы денсаулық сақтау саласы туралы айтсақ, мұндағы негізгі міндет – инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттырудың маңызына тоқталды.
"Алматыда емханалар мен ауруханалар әбден ескірген. Тұрғын үйлер салған кезде әлеуметтік нысандар дұрыс жоспарланбайды. Ал, бұл алдымен тұрғындардың өміріне теріс әсер етеді. Яғни, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің қолжетімді болуына, жедел жәрдемнің дер кезінде көмекке келуіне кедергі келтіреді. Әкімдік жаңа медициналық нысандар салып, жаңғырту үшін арнайы жоспар әзірлеуі керек. Бұл шаралар ана мен бала өлімін азайтып, азаматтардың ауыр дерттен сақтануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек жүйесін дамыту қажет. Келесі жылы халықаралық деңгейдегі көпбейінді аурухана құрылысын бастау керек. Жобаны мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы жүзеге асырған жөн. Қаланың қарқынды өсіп келе жатқан аудандарында перзентханасы бар ауруханалар салу керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.