Тікелей эфир

Тоқаев: Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді

Президент қала әкімдігіне 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында қала жұртшылығымен кездесу өткізді. Ол қаланы таза ауыз сумен толық қамтуға қажетті шараларды қолға алудың маңызын айтты.

"Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажет. Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. Ерменсай және Барлық өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды", – деді мемлекет басшысы.

Президент бұл орайда сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, ескілерін жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керектігіне де тоқталды.

"Мен Алматының тарихи орталығында коммуналдық инфрақұрылымның тозып бара жатқанын айттым. Әкімдік ондағы ескірген желіні уақтылы жаңғыртып отыруы керек. Мысалы, "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы бар, соны тиімді пайдаланған жөн. Баршаңызға белгілі, қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келеді. Сондықтан, тұрғын-үй құрылысына айрықша мән беріледі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Серіктестер жаңалықтары