Алматыда Баум тоғайы мен Үлкен Алматы каналын абаттандыру маусым айында басталады
Маусым айында Баум тоғайы мен Үлкен Алматы каналын абаттандыру бойынша екі ауқымды жоба басталады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді.
Жалпы ауданы 137,7 гектар Баум тоғайы Сейфуллин мен Сүйінбай даңғылдарының арасында орналасқан. Жоба үш аймаққа бөлініп, белсенді, рекреациялық және экологиялық шағын архитектуралық нысандар орнатылады.
Үлкен Алматы каналын абаттандыру жобасында рекреациялық және жағажай аймақтарын абаттандыру жоспарланған.
"Биыл ауданда Майлин көшесінен қала шекарасына дейін, 13-әскери қалашықта және Майбороды көшесінде Сейфуллин даңғылынан Байкал көшесіне дейін "Кіші Алматы" өзені бойындағы серуендеу аймақтарын жайластыру, сондай-ақ Хмельницкий көшесінің бойындағы тоғандарды тазарту бойынша тағы 4 жоба іске асырыла бастайды", – деді қала әкімі.
Бұдан басқа, "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасын іске асыру шеңберінде ауданда 2024 жылы 52 жоба іске қосылды. Биыл сәуір айынан бастап қоғамдық кеңістікті абаттандыруға, автоматты суару орнатуға және көшені жарықтандыруға байланысты 32 жоба басталады.
Айта кетейік, былтыр жоба аясында барлығы 364 жоба жүзеге асырылды. Алматылықтардан берілген өтінімдер саны 2019 жылмен салыстырғанда 18 есе өсті. Сол кезеңде тұрғындардан барлығы 333 жобалық ұсыныс түсті, ал 2024 жылы 6 118 өтінім түсті. Оның ішінде дауыс беруге – 1402 жоба, іске асыруға 316 жоба жіберілді.
Бағдарламаның тиімділігі мен тұрғындардың қызығушылығын ескере отырып, 2024 жылы Алматы әкімі Ерболат Досаев қаржыландыруды 18,8 млрд теңгеге ұлғайтты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,8 млрд теңгеге артық.