Алматыда 45 жастағы әйел өзін құдасы сабап кеткенін айтты
Алматыда 45 жастағы әйелді белгісіз ер адам көшеде темір дубинкамен оңдырмай сабап кеткен. Соның салдарынан Галина Борзованың басы жарылып, қолы сынған. Бірақ, түрлі жарақатыма қарамастан, полициядағылар істі денеге жеңіл жарақат келтіру бабы бойынша ғана қарап жатыр дейді. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
"Жұмыстан алаңсыз шығып келе жатқанмын. Артымнан біреу аңдып жүргендей болды, бұрылып қарап едім күртеше киген, бетін тұмшалаған ер адамды көрдім. Мән бермей, үйге қарай асықтым. Бір сәтте басымнан дубинкамен салып қалды. Бұрылып үлгергенімше ұра бастады. Оң жақ бетім қан жоса болды", – деді жәбірленуші Галина Борзова.
Жәбірленушінің айтуынша, өзін соққыға жыққан ер адам құдағиының азаматтық некедегі бұрынғы күйеуі екен.
Оқи отырыңыз: "Қол көтеріп, жылағанды дәретханаға қамаған". БҚО-да балабақша тәрбиешісі мен көмекшісі жұмыстан қуылды
"Есімді жиғанымда құтқарып қалған жігіттер мені ұрған азаматты да ұстаған екен. Бірден кім екенін білгім келді. Қарасам, ескі танысым. Бұл азаматпен бұрын-соңды дау-дамай туындамаған. Тіпті, 4 жылдан бері ара-қатынасымыз үзілген. Ешқандай өкпе-реніш жоқ. Неге олай болғанын түсінбедім", – деді жәбірленуші Галина Борзова.
Бүгінде аталған жайт бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасы адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғапты. Алайда, жәбірленуші тарап бұнымен келіспейді. Олар істің денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру бойынша қаралғанын қалайды. 45 жастағы келіншек ту сыртынан шабуыл жасаған “құдасының” әрекетін әлі де түсінбей әлек. Ол өзін аяусыз ұрған ер адамның әділ жазасын алғанын қалайды.