2022 жылдың 11 қарашасынан бастап Қонаев пен Алматы қалалары арасында қатынайтын электр пойызы іске қосылды. 

Ол күнделікті Қонаев қаласынан сағат 06.00-де шығып, Алматы қаласынан кешкі сағат 19.00-де жөнелтіледі. Жол жүру уақыты – 1 сағат 17 минут.

Сурет: Informburo.kz

"Маршрут жылдың соңына дейін ұлттық тасымалдаушы есебінен қаржыландырылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Алматы облысы әкімдігімен бірлесіп, осы бағыт бойынша тасымалдаушының шығыстарын субсидиялау бойынша 2023 жылға арналған тендер өткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр", – делінген "КТЖ" АҚ хабарламасында. 


Оқи отырыңыз: Алматы – Қонаев бағытындағы электр пойызы жұмысын тоқтатты


Сурет: Informburo.kz

Билеттерді bilet.railways.kz сайты немесе "ҚТЖ билеттері" мобильді қосымшасы арқылы онлайн сатып алуға болады.

"Электр пойызының іске қосылуы қарттарға да, жастарға да барынша ыңғайлы болып отыр. Себебі, Алматы қаласында білім аламыз, жұмыс істейміз. Ең бастысы – рейстің уақыты өте ыңғайлы етіп таңдалған. Оның үстіне күнделікті бір жаққа жолға 1500 теңге жұмсасақ, электр пойызының билетінің бағасы 450 теңге ғана", – деді Қонаев қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі, "Аналар" кеңесінің төрайымы Дәметкен Нүсіпбекова.

Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев. Сурет: Informburo.kz

Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев станцияны ұзарту жоспарланып отырғанын айтты.

"Туристер маусымы басталған кезде рейстер саны көбейеді деп жоспарлап отырмыз. Мұнымен қатар, 11 желтоқсаннан бастап таңертең Қонаев қаласынан келетін электр пойызы Алматы қаласындағы екінші вокзалға келіп тоқтайтын болады", – деді Нұрлан Құматаев.

Еске салайық, екі қала арасында электр пойыздары 2017-2021 жылдар аралығында қатынаған болатын. Тасымал жолаушылардың аз болуына байланысты тоқтатылған. Ол уақытта электр пойызымен жол жүру құны 3122 теңге болған.