Алимент төлей алмаған және жеке адамның басына қауіп төндіргені үшін қарызы бар азаматтар өзін банкрот ретінде жариялай алмайды, деп мәлімдеді ҚР бірінші қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев.

"Банкке берешегі 5 миллион теңге немесе 1600 АЕК-тен асатын азаматтар сот арқылы өзін банкротпын деп жариялай алады. Аталған рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезінде алуға құқылы", – деді Марат Сұлтанғазиев.


Оқи отырыңыз:


Алайда жалғыз тұрғын үй кепіл заты болмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды. Мұнымен қатар, борышкердің бар мүлкін жасыру немесе жалған ақпарат беру сынды теріс фактілер болмаған жағдайда қалған өтелмеген сома есептен шығарылады.

"Бірақ, алимент және өзге адамның өміріне және денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздар есептен шығарылмайды. Жалпы банкроттықты қолдану жеке тұлғаларға борыштық жүктемесінен құтылуға және белсенді экономикалық қызметін жүргізуді бастауға мүмкіндік береді", – деді вице-министр.

Еске салсақ, Қазақстанда кәсіп бастауға берілетін грант көлемі 1,2 млн теңгеге дейін артқаны туралы хабарлаған едік. Биыл барлығы 20 мың адамға грант беру жоспарланып отыр.