Әлеуметтік осал топтағы адамдар көшірме не басып шығару шығындарынан босатылады
Олар сәйкес мәртебесін растайтын құжаттарды ұсынған кезде ақы төлемейді.Әлеуметтік осал топтағы адамдар көшірме немесе басып шығару шығындарын төлеуден босатылады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ашық НҚА порталында бұйрық жобасын жариялады.
"Қоса беріліп отырған көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсалатын нақты шығындардың мөлшерін және оларды ақпарат иеленушіге төлеу тәртібін, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсалатын шығындарды төлеуден босату тәртібі бекітілсін", – деп жазылған бұйрық жобасында.
Көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсалатын нақты шығындарды төлеуден мынадай әлеуметтік осал топтағы азаматтар босатылады:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері және Ұлы Отан соғысы кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектігі бар адамдар;
- жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және соғыс салдарынан мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдар;
- І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- Үкімет бекітетін аурулар тізімінде көрсетілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;
- жасы бойынша зейнеткерлер;
- жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, кәмелеттік жасқа дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа толмаған балалар (мұндай адамдар әскери қызметке шақыру кезінде жасы жедел әскери қызметті өткеру мерзіміне ұзартылады);
- қандастар;
- экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
- көп балалы отбасылар;
- мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді атқару, әскери қызметте, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру, адам өмірін құтқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза болған адамдардың отбасылары;
- толық емес отбасылар.
Оқи отырыңыз: Дүйсенова: Әлеуметтік көмектің дұрысы – жәрдемақы емес, жұмыс
Аталған азаматтар ақпарат иеленушіге тиісті мәртебесін растайтын құжаттарды ұсынған кезде төлемнен босатылады. Ол үшін құжаттарды 15 күнтізбелік күнде ұсыну қажет.
Бұйрық жобасы 1 наурызға дейін қоғам талқысына ұсынылған.