Ақбөкендердің көшуі кейінгі жылдары Ақмола облысы диқандарының негізгі проблемаларының біріне айналды. Олардың кесірінен астық егетін Атбасар, Астрахан, Қорғалжын, Жарқайың, Егіндікөл, Целиноград сияқты аудандар үлкен шығынға ұшырайды. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық палатасы хабарлады. 

Ауыл шаруашылығы өндірушілері егіс жұмыстарына миллиондаған қаражат салады. Өз алаңдарын ақбөкендерден қорғау үшін кәсіпкерлер тұрақты кезекшілік ұйымдастыруға мәжбүр. Мұны істеу үшін олар жеке көлік, адамдарды бөлуі керек. Бұл фермерлерді қосымша шығынға ұшыратады.

Ақбөкендерді аулауға тыйым салынған. Өйткені киелі жануар ЮНЕСКО-ның қорғауында. Фермерлер егістерді Қызыл кітапқа енген жануардың шабуылынан да сақтандыра алмайды, өйткені бүгінде мұндай сақтандыру түрі жоқ.

"Былтыр облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жалпы алымда да, материалдық тұрғыда да үлкен шығынға ұшырады. Ақбөкендердің ауыл шаруашылығы дақылдарын бүлдіруінен келтірілген залал 8 млрд теңгеден асты (1 га үшін 55 мың теңге есебінен). Мысалы, Егіндікөл ауданында 45 мың гектардан астам, Астрахан ауданында 22 мың гектардан астам, Жақсы ауданында 19 мың гектарға жуық, Жарқайың ауданында 10 мың гектарға жуық егіс алқабы бүлінді", – делінген хабарламада. 

Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының сарапшылары "Охотзоопром" мамандандырылған ұйымының күшімен ақбөкендердің санын реттеуді ұсынды.

"Ақбөкендердің көші-қоны жолында мамандандырылған жем-шөп алаңдарын анықтау бойынша жұмысты жолға қою, қоршауды дайындау және орнату үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу қажет. Орталық деңгейде ақбөкендердің келтірген залалын бағалау үшін құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар қатарынан комиссия құру, залалды өтеу үшін мемлекеттік қазынадан қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет", – дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының АӨК бөлімінің басшысы Жайсан Бекқожин.