Бұл туралы Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады.
Тұяқты жануарлардың көші-қоны жөніндегі әлемдік бастама шеңберінде халықаралық ғылыми команда әзірлеген Бонн конвенциясының серіктестігімен жасалған жабайы тұяқтылардың көші-қон жолдары туралы деректер әлемдік Атласқа кіреді. Бұл зерттеу дәстүрлі көші-қон бағыттарының бөліну қаупі төнетін жабайы тұяқтылардың, оның ішінде ақбөкендердің маусымдық қозғалыстарының алғашқы түбегейлі картасын ұсынады.
Соңғы он жылда жабайы тұяқтылардың көшіп-қону қарқыны төмендеп келе жатыр. Олардың ғасырлар бойы қалыптасқан көші-қон жолдары адамның қолымен жасалған кедергілермен, атап айтқанда күрежолдар мен күрделі жол айрықтарымен бөлініп, жануарлар үшін көптеген қиыншылықтар туғызуда. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласынан елдің батыс аймағына дейін өтетін 2000 км ұзындықты құрайтын "Орталық-Батыс" көлік дәлізінің жоспарланған бағыты, Орталық Қазақстандағы ақбөкендердің бетпақдала популяциясының ареалын мәңгіге бөлу қауіп төндіреді.
Спутниктік бақылау деректері көрсеткендей, ақбөкендер жоспарланған жол төсемдері арқылы үнемі қоныс аударады. Егер қазіргі таңда қабылданған бағыт бойынша таспа жол салынатын болса, ақбөкендер азық қорлары жеткіліксіз жерлерде қалуға мәжбүр болады. Сонымен қатар, ақбөкендердің мекендейтін аймағын бөлу, олардың ішінде жұқпалы аурулардың пайда болу қаупін арттырады.
Жабайы тұяқтылардың қозғалыстарын картаға түсіру олардың қоныс аударуының табиғи жолдарын сақтау үшін қандай әрекеттер қажет екенін түсінуге көмектеседі. Сондықтан, тұяқты жануарлардың көшіп-қону атласын құрастыру, әлемдегі биоәртүрлілікті сақтауды жақсарту жолындағы жаңа меже болып табылады. Зерттеушілер жануарлардың көшіп-қонуын картаға түсіру жұмыстары әлемнің көптеген елдеріндегі инженерлер мен өкілетті органдарға ірі көлік жолдары мен дәліздерін салуға байланысты жобаларын қайта қарастыруға көмектеседі деп үміттенеді.
Атласты жасағанда АСБК қызметкерлері жинаған деректер де пайдалынады. АСБК "Алтын Дала" табиғатты қорғау бастамасы шеңберінде, он жылдан астам уақыт бойы ұлттық және шетелдік әріптестердің қолдауымен, мемлекеттің ерекше қорғауына ие ақбөкендердің Қазақстандағы көшіп-қону жолдарын зерттеу бойынша ауқымды жұмыстарын жүргізіп келеді.