Аймағамбетов: Түлектер кешін несие алып өткізудің қажеті қанша?
Министр түлектер арасында кеш өткізудің орнына қайырымдылық жасауға ниеттілері барын айтты.Мектепте аттестат табыстау және соңғы қоңырау кешін өткізуге болады. Бірақ, ақылы негізде сырттан ешқандай жұлдыздар шақырылмауы тиіс, деп мәлімдеді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Бұл туралы ол "Қазақстан" арнасының "1001 түн" бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Министр ата-аналардың түлектер кешін өткізу үшін несие алатынын сынға алды.
"Сыныпта 25-30 бала болса, соның жартысы түлектер кешін мейрамханада өткізгісі келетінін айтады. Жартысы бұған келісімін бермейді. Мектеп чаттарына кіріп қалсаңыз, онда жағдай қиын болып жатыр. Кей оқушыда мұндай кешке қатысуға мүмкіндік жоқ. Ал мүмкіндігі жоқ екенін айтқан баланы "Ақшасы жоқ, бейшара" деп кемсітеді. Біз мұндай сөздерді көтере аламыз. Бірақ, 16 жастағы балаға ол ауыр тиеді. Ол кешке барғысы келетінін ата-анасына айтады. Ата-аналар баласының көңілін ойлап, қарыз бен несиеге батады. Лимузин мен керемет мейрамхана жалдауға мәжбүр болады. Әртістер шақырады. Бірақ, мұның не керегі бар?", – деді Асхат Аймағамбетов.
Министр, сондай-ақ, соңғы кезде оқушылардың түлектер кешін өткізуге қарағанда, қайырымдылық жасағанды жөн көретінін айтты.
Оқи отырыңыз: "Менің соңғы қоңырауым". Танымал тұлғалар мектеппен қалай қоштасты?
"Қазір жаңа үрдіс пайда болды. Кей мектеп түлектері ақша жинап, балалар немесе қарттар үйіне көмектеседі. Түрлі қайырымдылық шараларын жасайды. Сол себепті кеш өткізіп жарысатын бәсекенің қажеті жоқ деп ойлаймын", – деді министр.
Десе де, Асхат Аймағамбетов аттестат тапсыру және соңғы қоңырау кешін өткізуге тыйым салынбағанын айтты.
"Қазір пандемиямен байланысты ешқандай қиындық жоқ. Сондықтан аттестат табыстау рәсімін өткізуге болады. Бірақ, ол мектеп қабырғасында өтуі тиіс. Ақылы түрде ешқандай жұлдызды шақыруға болмайды. Ал тегін келіп жатса, ол басқа мәселе", – деді Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Соңғы қоңырауда мұғалімге гүл сыйлауға бола ма?