Бүгін 25 мамыр күні Қазақстан мектептерінде дәстүрлі соңғы қоңырау соғылды. Осы орайда Informburo тілшісі танымал тұлғалардан атаулы күнге және мектепке қатысты естеліктерін сұрап білді.
Қуандық Қыстықбаев, актер:
– 1994 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданындағы Қырғызсай деген ауылда орта мектепті тәмамдадым. Соңғы қоңырау салтанаты әлі күнге дейін есімде. Мектепте екі ұл бала ғана жақсы деген үлгеріммен бітірді. Соның бірі – мен. Әрине, соңғы қоңырауда достарымызға, сыныптастарымызға, ұстаздарымызға деген қимастық сезім болды.
Осы күнге дейін сыныптастарымнан қол үзген емеспін. Олардың көбі ауылда болса, біразы ғана Алматыда. Қазір бәрі әке-шеше, кейбірі тіпті ата-әже, құда мен құдағи болған.
7-8 жыл бұрын түлектердің жиырма жылдық кездесуінде бас қостық. Мектеп бітіргеннен бері көріспеген сыныптастарымызды көрдік. Бірі қалмай келді. Жиырма жылдан кейінгі басқосу өте қызық болады екен. Бәрінің мінезі сол қалпы, еш өзгермеген.
Мен кездесуді ұйымдастырушылардың бірі болдым. Үш күн бірге уақыт өткіздік. Ауылға, мектепке, мешітке көмектесу деген үрдісті ұмытпай, құрбандық шалып, тиісті рәсімдерді атқардық. Бәріне ұнады.
Мұғалімдеріміз, сыныптастарымыз аман-есен үйіне қайтты. Кездесудің керемет өткенін айтып, келер жылы да кездесейік деген ниетпен сағынысып, қимаштықпен қоштасты. Мұғалімдеріміз кімнің қандай оқушы болғанын айтып берді. Менде де хаттар, суреттер сақталған еді. Бәріміз сол кездегі қызықтарымызды күліп еске алдық. WhatsApp желісінде сыныптастардың чатында күні бүгінге дейін хат-хабар алысып тұрамыз.
Алтынай Нөгербек, актриса:
– Соңғы қоңырау қашан да бір мереке іспетті болатын. Жалпы, мен үшін бала кезден бірінші қыркүйек – білім күні мен соңғы қоңырау ерекше күн болатын. Ол күндері бізге ата-анамыз міндетті түрде гүл алып беретін. Әдемі ақ гольфы киіп, аппақ бантик пен фартук тағып керемет көңіл-күймен баратынбыз. Менің санамда осы екі күн ұстаздарға деген құрмет күні ретінде сақталды. Бәлкім қазір дәл ондай емес шығар, бірақ біздің кезімізде сондай болды.
Мен 1993 жылы мектеп бітірдім. Алматыда №12 қазақ орта мектебінде оқыдым. Алғашқы ұстазым – Рахима Сәкенқызы. Бізге бастауышта сабақ берді. Есімде, оныншы сыныпта колледжге кеткен балалармен басымыз қосылып бәріміз апайымыздың үйіне бардық. Апайымыз керемет қуанды. Ақ дастархан жайып, бүкіл тәтті-дәмдісін қойып, ыстық тамағын пісіріп құшақ жая қарсы алып еді.
Көзінде қуаныштың жасы бар. "Мені құрметтеп келіп жатқандарыңа рахмет" деп сондай ерекше көңіл-күйде болды. Рахима апайымыздың үйінен қайтып келе жатқанда жүрегімізден, көңілімізден жүк түскендей сезім кернеді. "Алғысымызды білдірдік-ау" деген сияқты сезімде болғанымды ұмытпаймын. Апайымызға сыйлығымыз бен гүлімізді алып барғанымыз бар.
Шамам келгенше мектептегі өзіме ыстық болған мұғалімдермен әлі күнге дейін араласамын. №12 мектептен кейін жаңадан ашылған №159 мектепке ауыстым. Әдебиеттен сабақ берген Гүлдаз Құрманбаева есімде. Мектеп бітірер жылдары ағылшын тілінен сабақ берген Жаннат Рахимжанова апайым сынып жетекшім болды.
Өкінішке қарай, Рахима апайыммен хабарымды үзіп алдым. Кейіннен теледидардан бір хабардан ҰБТ туралы сұхбат беріп жатқан апайымды көріп өалдым. Титрда №12 қазақ орта мектебінің директоры деп жазылып тұр екен. Сонда апайым үшін керемет қуандым. Алгебрадан сабақ берген Аягүл Төреқызы апайым кейін №159 мектептің директоры болды.
Құрмаш Махан, әнші:
– Қыста күн суықта мал жайғағанда қолдың терісі жарылып кетеді. Әсіресе, таңертең ылдам-жылдам мал жайғап тастап, сабаққа асығып дайындалғанда суық сумен қол жуа саламыз. Әр кез ыстық су бола бермейді. Сабақтан кешіксең шаруаң бітті дей бер. Мұғалімнен қорқамыз, өйткені құрметтейміз. Ата-анамыз бізді мектепке бергенде мұғалімге еті сендердікі сүйегі біздікі деп тапсырады.
Ұстаздың ақ дегені – алғыс, қара дегені қарғыс болған заман еді, шіркін. Одан бөлек үлкен қоңырау кезінде жазықты болып бүкіл мектептің алдында масқара болудан қорқамыз, намыстанамыз.
Төртінщі не бесінші сынып кезі. Қатшагүл Қожалымқызы деген математика пәнінен бізге сабақ берген мұғалимадан өз басым қатты қорқатынмын. Ол кісі қатал, оған қоса сұсты. Демікпесі болуы керек, көбіне ысылдап, шиқылмен дем алып отырушы еді. Бұл ысылы үрейімді үдете түскендей болатын. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі – сынып жетекшіміз болмаса да, тақтаға шақырған кезінде міндетті түрде күнделігімізді тексеруші еді.
Бір күні сабақ кезінде Қатшагүл апай "Маханов" деп зор дауысымен мені тақтаға шақырғанында бүкіл денем дір ете қалды. Оның себебі – математика менің әлсіз тұсым. Оған қоса күнделігім толтырулы ма, жоқ па – есімде жоқ. Ал ең бастысы, қолдарым күс-күс болып жарылып кеткен жайы бар. Қолымның сырты, жарылған жағы көрінбесін деп күнделігімді ашып алып, екі алақаныма салдымда, сасқалақтап қасына жетіп бардым.
Күнделікті бере сала тақтаға қарай тап беремін деген арам ойым іске аспай қалды. Күнделігімді тексеріп болған соң "әй, бала, қолыңды көрсет!" деп төбемнен жай түсіргендей болды. Көрсетпеске амал жоқ. Қолымның жайын көре сала алдымен үстелінің айналасы, сосын суырмасынан, журналдар арасынан бірдемені іздей бастады. Бізге беймәлім ол затын таппаған соң зор дауысымен "кім санитар?" деп бүкіл сыныпқа сұрау салды. "Мен!" деп қолын көтерген сыныптас қызды қасына шақырып алды.
Ол кезде әр сыныпта санитар болады және ол санитардың ақ матадан тігілген (ішінде кішігірім йод, зелёнка, бинт секілді басқа да дәрілік заттары бар) мойынға асып тағып алатын санитарлық қалтасы болатын. Апай санитардың қалтасын ақтарып жатып іздеген затын тауып алды. Ол заты ұстараның жүзі болып шықты. Сонымен не керек, қолымның сырт жағындағы жарылған терідегі күстерімді бүкіл сыныптың көзінше қыра бастады. Ұялғанымнан қызарып жерге қарап тұрудан басқа амал жоқ еді.
Бұл әңгімемнен ұстазға деген құрметтің биіктігін атап өткім келіп еді. Себебі, менің, санитар сыныптасымның, жалпы менің замандас құрдастарымның санасында ұстаздардың мұндай ірекеттерін сынау, ол туралы әке-шешемізге айтып беру деген оймызға кіріп шықпаушы еді. Қазір ұстазға деген құрмет асқақтап тұрғандай.
Елдос Сметов, спортшы:
– Мен бала кезімнен дзюдомен айналысқандықтан спорт мектеп-интернатында оқыдым. Мектеп біздің өміріміздегі кез келген қадамның, жетістіктің бастауы болды. Соңғы қоңырауда әрине, мектебімізбен, бозбалалық шақпен қимай қоштастық. Себебі, бізді одан кейін үлкен өмір, еркелікке бой алдырмайтын кезең күтіп тұрды.
Бүгінде мектеп бітіргенімізге қанша жыл болса да, мектептегі оқиғаларымызды жылы еске алып, сыныптастарымызды сағынып тұрамыз. Бүгінде түлек ұшқан түлектерге ақ жол тілегім келеді.