Абай облысында полиция қызметкері өртті сөндіріп, бір отбасыны құтқарып қалды, деп хабарлады Polisia.kz.

7 қазанда сағат 01.15 шамасында табиғатты қорғау полициясының инспекторы Ерасыл Сыдыков кезекшіліктен кейін үйіне қайтып келе жатып, түтінді байқап қалады. Ол бірден көлігін тоқтатып, оқиға орнына бет алады.

Бородулиха ауылы Крупская көшесі 137 мекенжайындағы жеке үйдің шатыры жанып жатқаны анықталады.

"Ерасыл Сыдықов тез арада №12 өрт сөндіру бөлімшесінің диспетчерлік қызметіне хабарласып, өрттің нақты мекенжайын жеткізді. Өрт сөндірушілер келгенше уақытты босқа өткізбей, ол әрекет ете бастады. Полицей үй иелерін ояту үшін терезелер мен есіктерді қағып, іште адамдардың бар-жоғын анықтауға тырысты, алайда ешкім жауап бермеді. Оқиғаның қауіптілігін түсініп, тәртіп сақшысы терезені сындырып, үйге кірді. Ол барлығын оятып, отбасы мүшелерін қауіпсіз жерге шығарып үлгерді", – делінген хабарламада.

Оқиға орнына өрт сөндіру бригадасы дер кезінде жетіп, өртті сөндірді. Ерасыл Сыдыковтың сауатты және батыл әрекеттерінің арқасында адам шығынын болдырмауға және шығынды азайтуға мүмкіндік туды. Өрттен аман қалған үй иелері полицейге шексіз алғыстарын білдірді.