Биыл оқу бағдарламаларын меңгеру нәтижесін анықтау үшін 9-сынып оқушылары қорытынды бітіру емтиханын, 11-сынып оқушылары мемлекеттік емтихан тапсырады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов әлеуметтік парақшасына жариялады.

Пән мұғалімдері, мектеп директорының орынбасарлары, қоғамдық ұйымдардың және ата-аналар комитеттерінің өкілдері емтихан комиссиясының құрамына кіреді.

"Емтихан алатын комиссияны мектеп директоры немесе оны алмастыратын адам басқарады. Комиссия мүшелерінің саны бір бітіруші сынып болса, кемінде бес, ал екі және одан көп бітіруші сынып болса, кемінде жеті адамнан тұрады" – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: Оқу жылы 31 мамырда аяқталады, емтихандар 2 маусымда басталады


Комитет төрағасы бітіру емтихандары қарсаңында қорытынды аттестаттауды өткізу ережелері мен нормаларын мүлтіксіз сақтау маңыздылығын атап өтті.

"Академиялық адалдық қағидаттарын сақтау бойынша мұғалімдердің де, оқушылардың да өз кезегінде жауапкершілік аймағы бар. Емтихандарды объективті өткізу барысы білім сапасын арттыруына ықпалын тигізетіндігін түсіну өте маңызды. Мектептің абыройы, сондай-ақ оның білім беру кеңістігіндегі беделі тек сандық көрсеткіштерге ғана емес, сонымен қатар түлектердің сапалы дайындығына, олардың терең біліміне, бірегей білім беру дәстүрлеріне негізделген. Академиялық адалдық жолы адамгершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті және жауапты қоғамның азаматын қалыптастыруға мүмкіндік береді", – деді Ернұр Дәуенов.

  • 2 маусым – эссе нысанында оқыту тілі бойынша жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектептер үшін – жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе);
  • 6 маусым – математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан;
  • 9 маусым – орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілді сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау);
  • 13 маусым - таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзілік тарих, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) пәндері бойынша емтихан тапсырады.

11-сынып

  • 5 маусым – оқу тілі бойынша жазбаша емтихан;
  • 8 маусым – алгебра және талдау бастамалары бойынша жазбаша емтихан;
  • 12 маусым – тарих пәнінен ауызша емтихан;
  • 15 маусым – өзбек/ұйғыр/тәжік/орыс тілдерінде оқытатын мектептерде/сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша және қазақ тілінде оқытатын мектептерде/сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан;
  • 19 маусым – таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) пәндері бойынша тапсырады.