"7-20-25" ипотекасын жалғастыруға 2023 жылы 100 млрд теңге бөлінбек
Бағдарлама аясында бұған дейін 64 146 жеңілдетілген қарыз берілген."7-20-25" ипотекалық бағдарламасы 2023 жылы жалғасын табады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 100 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланып отыр. Бағдарлама бойынша жыл сайынғы кредиттеудің нақты көлемі нарықтағы банктердің нарықтық ипотекалық өнімдері мен олардың дамуына байланысты белгіленбек.
Бағдарлама шарттарына енгізілген өзгеріс – енді бір несие алушы бағдарламаға бір мәрте ғана қатыса алады. Ал бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері, қарыздың ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, қарыз мерзімі, өңірлер бөлігінде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны сынды параметрлер бойынша ешқандай өзгеріс жоқ.
Еске салайық, "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы 2018 іске қосылған болатын. 22 желтоқсандағы жағдай бойынша, 852,2 млрд теңге көлемінде 64 146 жеңілдетілген қарыз берілген.
Оқи отырыңыз: "7-20-25" ипотекасының мерзімі 2029 жылға дейін ұзаруы мүмкін