Астана қаласы әкімдігі Ашық НҚА порталында қайтыс болған адамды жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру қағидаларын қоғамдық талқыға ұсынды. Жобада адамды жерлеу тәртібі баяндалған.

Ережеге сәйкес, Астана қаласының әкімдігі әрбір қайтыс болған адамды жерлеу үшін зират қорымынан кемінде 6 шаршы метр жер учаскесін тегін бөледі. Зират қорымындағы бос жер учаскелері туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурсынан алуға болады.

Қайтыс болған адамды жерлеу үшін оның жақындары зират әкімшілігіне "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алынған қайтыс болу туралы куәлікті немесе №045/у нысаны бойынша қайтыс болу туралы медициналық куәлікті өткізуі тиіс. Оның негізінде зират әкімшілігі қайтыс болған адамды жерлеу туралы есеп жүргізеді. Ол келесі мәліметтерді қамтиды:

  • жерлеу жылы, айы, күні;
  • зираттың нөмірі;
  • қайтыс болған адамның тегі, аты, әкесінің аты;
  • туған және қайтыс болған күні;
  • өлімнің себебі;
  • "электрондық үкімет" порталы арқылы алынған қайтыс болу туралы куәліктің нөмірі, күні және кімнің бергені;
  • марқұмның жақын туыстарының тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН, жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күні мен нөмірі, мекенжайы, туыстары болмаған жағдайда, жерлеуді жүргізген адамның мекенжайы не жерлеуді жүргізген ұйымның атауы, БСН, мекенжайы.

Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстанда қайтыс болғандар саны 5 мыңға артып, жерлеу рәсімі қызметтері 82,2% қымбаттады


Ал қайтыс болған адамды басқа туысының зиратына жақынырақ жерлеу үшін оның туыстық жақындығын растайтын құжатты ұсыну керек. Сондай-ақ, ереже жобасында туыссыз адамдарды жерлеу бюджет қаражаты есебінен жүргізілетіні жазылған.

Құжат жобасын талқылауға 4 сәуірге дейін уақыт берілген.