Күзден бастап азаматтық хал актілерін тіркеу қызметін алу үшін азаматтар жеке басын куәландыратын құжаттың электронды нұсқасын ұсына алады.

Дәлірек айтсақ, қазақстандықтар 5 қыркүйектен бастап келесі қайталама куәліктер мен анықтамаларды электронды жеке куәлік көмегімен рәсімдей алады:

  • некені тіркеу;
  • неке жасын төмендету;
  • некені бұзу;
  • 16 жасқа дейінгі балаларға туу туралы қайталама куәліктерді беру;
  • тууды тіркеу;
  • аты-жөнін өзгертуді тіркеу;
  • азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру және жою;
  • азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер немесе анықтамалар.

"Некеге тұруға ниет білдірген адамдар неке қиюды тіркеудің белгіленген күні жеке басты куәландыратын құжатпен немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатпен тіркеуші органға келуі қажет. Егер некеге отыруға тілек білдірушілер дәлелді себептермен белгіленген күні тіркеуші органға келе алмаса, неке қиюды мемлекеттік тіркеу мерзімі олардың өтініші бойынша басқа уақытқа ауыстырылады. Белгіленген күні некеге отыратын адамдар не олардың біреуі дәлелсіз себептермен келмеген және некені тіркеу мерзімін ұзарта отырып, өтініш туралы арыз болмаған жағдайда өтініш жойылуға тиіс", – деп жазылған бұйрықта.

Некені бұзғысы келетін ерлі-зайыптылар тіркеуші органға жеке басын куәландыратын немесе белгіленген күні цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжатпен келуі тиіс.

"Некені бұзғысы келетін ерлі-зайыптылар некені бұзуды тіркеу үшін белгіленген күні жеке басын куәландыратын құжатпен немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатпен тіркеуші органға келуі қажет. Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша лауазымды тұлға деректерді Азаматтық хал актлерін жазудың ақпараттық жүйесіне өтініш берілген күннен бастап 1 ай өткеннен кейін ерлі-зайыптылардың екеуінің қатысуымен енгізеді", – деп жазылған құжат мәтінінде.

Бұйрық 2021 жылдың 5 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.