3-7 мың теңгеге Өзбекстаннан келуге рұқсат беретін жалған құжат жасаған Сарыағаш ауруханасының медбикесі ұсталды
Ол алдын ала мөр қойылған 1 266 медициналық бланк дайындап қойған.ІІМ Әскери тергеу департаменті Түркістан облысында қолдан жалған медициналық құжат жасап беріп келген үш тұрғынды ұстады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
"Түркістан облысында үш тұрғынның осы күнге дейін жүзеге асырып келген ісі тоқтады. Олар медициналық құжаттарды қолдан жасаған, сондай-ақ, керек кезде жалған түрімен алмастырып отырған", – деді ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Сондай-ақ, тергеушілер Сарыағаш аудандық ауруханасында жұмыс істейтін медбикенің Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын кедергісіз кесіп өтуге мүмкіндік беретін жалған медициналық құжат жасап беріп отырғанын анықтады.
Оқи отырыңыз: Екпе паспорты мен ПТР анықтамасын заңсыз жасағандарға қатысты 27 қылмыстық іс қозғалды
"Ұсталғандар медициналық мекемелер беретін анықтаманы 3 мың теңгеден бастап, 7 мың теңге арасындағы бағада жасап беріп отырған. Бұл жасанды құжат медициналық мекеме қызмет алуға шақырды деп шекараны кедергісіз кесіп өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, керісінше шетелге шығу үшін беріліп отырған. Күдіктілердің жұмыс орны мен үйін тінту кезінде алдын ала мөр қойылған 1 266 медициналық бланк табылды. Аталған фактіге сәйкес Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша іс қозғалды", – деді ІІМ баспасөз қызметшісі.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан, Ақмола және Алматы облыстарында вакцина паспортын сатқан медицина қызметкерлері ұсталды
Еске салсақ, ІІМ қолдан жалған құжат жасағандардың 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін хабарлаған болатын. Ал осы жалған құжатты қолданғандар 40 тәулікке қамалады.