Нұр-Сұлтан, Ақмола және Алматы облыстарында вакцина паспортын саудаға салған медицина қызметкерлері қолға түсті. Бұл туралы Жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов хабарлады.
Оның айтуынша, ұсталған азаматтар вакцина салмаса да, құжат рәсімдеп беріп отырған.
"Бюджеттен бөлінген ақша желге ұшып отыр. Осындай жалған паспорт алған адамдар бізбен қатар жүріп, бір көлік, бір ұшаққа отырады", – деді ол.
Агенттік төрағасы басқа да қылмыс схемасы туралы айтты. Шымкентте Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары медициналық құрал-жабдықтарды қымбат бағаға алдым деп жалған ақпарат көрсеткен. Нәтижесінде бюджетке 1,5 млрд теңге шығын келді.
Еске салсақ, Алматы қаласында мамыр айында вакцина паспортын сатқандар туралы ақпарат шықты. Жалған құжатты 15 мың теңгеге сатқан.