280 млн теңгеге жөнделген: Петропавлда жазда ғана жөнделген жолдардың сапасы сын көтермейді
Қала халқы қазына қаражатын шашып, ісіне жауапсыз қарайтын мердігерді қара тізімге енгізуді талап етуде.Петропавлдағы Сәтбаев көшесіндегі 4 шақырымға созылып жатқан көшенің көп бөлігін биыл мердігерлер жазда ғана жөндеген. Ол үшін бюджеттен 280 миллион теңге бөлінді. Жөнделген жолдар бір айдан кейін ойдым-ойдым кейіпке енген, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Үкіметтің қанша ақшасы кетті. Жұмысшылар қаншама уақыт бойы осыны істеп жатыр. Енді жолды қайта қырып жатыр. Бұл не деген сұмдық?!", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Шолпан Мұқашева.
Петропавлдың Береке шағын ауданы мен орталығында жаңартылған алты көшеде де шұрық-тесік көбейген.
"Жолды жөндеп жатқан кезде тексеру керек болатын. Ешкім тексермейді. Тендерден ұтып алады да, салады. Келесі жыл қайта бұзып, қайта салады. Ақшаны аямай бөледі. Жылдағы әдет", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Нұрбақыт Исаев.
Оқи отырыңыз: Асфальт өндіретін ауылда жол шұрық-тесік. СҚО тұрғындары наразылық білдірді
Петропавл әкімі қаланың көп бөлігіне сапасыз тас жол төселгенін мойындайды. Шаһар басшысы кемшілікті жойғанша құрылыс компаниясына толықтай ақша аударылмайтынын айтты.
"Қазір күн суытты. Қыс жақындап қалды. Жолды дұрыс қалыпқа келтірмейінше – біз ақшасын төлемейміз. Он рет сала ма – өздері біледі. Біз сапалы асфальт төселмейінше – қабылдамаймыз", – деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.
Әкім мердігерге алты көшені қайта жөндеу үшін мамырдың соңына дейін уақыт берген. Тұрғындар бұл компанияның жұмысына көңілі толмайтынын айтып, жұмысына немқұрайлы қараған мердігерді қара тізімге енгізуді талап етуде.
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында 20 млн теңгеге сапасыз асфальт төселген
Айта кетейік, биыл қаланың 47 көшесін жаңартуға бюджеттен 7 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген.